Атырауда 416 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы

  • 10
  • 15.03.2026, 16:11

Атырау облысындағы референдум учаскелерінде дауыс беру жалғасып жатыр. Өңірде 416  619 адам дауыс беру құқығына ие. Жалпы өңір халқының осы саяси науқандағы белсенділігі ерекше байқалады. Дауыс беру учаскелерінде жәрмеңкелер ұйымдастырылып, өнерпаздар тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлауда.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Мереке құтты болсын! Амалдан амалға аман жетейік. Иә, Атырау облысындағы референдум учаскелерінде дауыс беру жалғасып жатыр. 276 референдум учаскесі таңғы сағат 7-де жұмысын бастады. Жаңа өзіңіз айтқандай, дауыс беру құқығына ие 417 мыңға жуық адамның 4699-ы мүгедектігі бар азаматтар. Олардың да қиындықсыз дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған. Қажеттілікке қарай 137 инватакси, 27 сурдоаудармашы жұмыс істеуде. Сонымен қатар 285 референдум комиссиясының құрамындағы 2091 адам әр учаскеде өз қызметтерін атқаруда. Сондай-ақ 285 байқаушы референдумның талапқа сай өтуін бақылайды. Қазір біз №40 референдум учаскесінде тұрмыз. Халықтың белсенділігі туралы комиссия төрағасынан білейік. 

Атырау өңірі өндірісті аймақ болғаннан кейін вахталық әдіспен жұмыс істейтіндердің де дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы, «Теңіз» кен орнында 8 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр. Ол жақта қазір 10 мыңнан аса адам еңбек етуде. Оларды дауыс беру учаскелеріне тасымалдау үшін автобустар қатынауда. Сонымен қатар Каспий теңізінің солтүстігін игеріп жатқан «Қашаған» кен алаңындағы жұмысшылардың дауыс беруін ұйымдастыру үшін комиссия мүшелері арнайы тікұшақпен барды. Өңірдегі референдум учаскелерінде жәрмеңкелер де ұйымдастырылуда. Өнерпаздар, театр әртістері ұлттық нақыштағы киімдерімен дауыс беруге барып, мерекелік көңіл күй сыйлап жатыр.