Еуропа төріндегі референдум

  • 8
  • 15.03.2026, 19:11

Еуропа төріндегі дауыс беру учаскесінде мерекелік көңіл күй. Саяси маңызды шара «Наурызнама» онкүндігінде өтіп жатқандықтан Бельгия патшалығындағы Қазақстан азаматтары референдумға ұлттық киім киіп барған. Брюссельдегі дауыс беру процесі тағы несімен ерекше? 

Еуропа төріндегі референдум

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің ғимаратында орналасқан №405 дауыс беру учаскесінде домбыраның қоңыр үні естіліп тұр. Референдум өтетін орын да сәйкесінше безендірілген. Ұлттық рәміздер: елтаңба мен ту ілулі тұр. Ортада дауыс беру жәшігі және шетте кабина орналасқан. Дауыс беру комиссиясының мүшелері ережелердің толық сақталуын қамтамасыз етіп отыр. Жалпы референдумға Бельгия Патшалығынан барлығы 150-ге жуық отандасымыз қатысады деп жоспарланып отыр.  

Мұрагер Сауранбаев, №405 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы:

- Тіркелген отандастырмыздың ішіндегі көпшілігі ол – осында оқып жатқан студенттер. Сонымен қатар халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиядағы қызметкерлер және олардың кәмелетке толған отбасы мүшелері. Және де кәсіпорындарда, түрлі компанияларда істейтін азаматтарымыз.

Кәмшат Сағынбекова, оқытушы:

- Бельгияда өмір сүргеніме 8 жылдай болып қалды. Қазақстанның азаматшасы болғаннан кейін өзім осы бүгінгі күнге арнайы келіп, өзімнің құқығымды, даусымды беріп, осы өзімнің еліме деген үлесімді қосуға келдім.

Астана мен Брюссельдің уақыт айырмашылығы 4 сағат. Қазір бізде әлі күндізгі уақыт. Референдум «Наурызнама» онкүндігімен тұспа-тұс өтіп жатқандықтан дауыс беру учаскесіне көпшілік ұлттық киім киіп келген.

Елшілік қызметкерлері отандастарымызға туған жерінде жүргендей сезінсін деп жағдай жасап қойған. Ауылдың дәмі дастарханда жайнап тұр. Таңдау жасағаннан кейін дауыс берушілер бауырсақ, құрт-ірімшіктен ауыз тиіп жатыр. Таңертең 7-де ашылған референдум учаскесінің жұмысы кешкі 8-ге дейін жалғасады. Ол кезде Астанада түнгі 12 болады. Одан кейін комиссия мүшелері дауыстарды санауға кіріседі.