Қызылорда-Жезқазған жолының Ұлытау облысына қарасты бөлігінде жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Жалпы ұзындығы 208 шақырым жолды жөндеуге 4 халықаралық компания тартылған. Жоба құны 108 млрд теңге. Былтыр 50 шақырымға бір қабат асфальт төселген еді. Қыс бойы қажетті материалдар қорын жасақтаған мердігерлер күн жылына құрылыс жұмыстарына қайта кірісті. Салаға жауапты мамандар жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
«Қызылорда-Жезқазған» күре жолы оңтүстік пен солтүстік өңірді жалғайтын ең төте жол. Осыдан 50 жыл бұрын салынған трасса бүгінге дейін бірде-бір мәрте күрделі жөндеу көрмеген. Жолдың Қызылордаға қарасты бөлігін жаңғырту аяқталды. Ал Ұлытау облысына тиесілі 208 шақырымды реконструкциялау былтыр көктемде басталған.
Нұрсұлтан Қадыров, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:
-Қыс маусымында бізде жұмыстар тоқтаған жоқ. Қыс мезгілінде құрылыс материалдары дайындалды. Щебеннің 70 пайызы, темір-бетон бұйымдарының 100 пайызы, битумның 70 пайызы дайындалған. Қазір топырақты кептіру жұмыстары, жер жұмыстары, айналма жолдардың құрылыстары жүріп жатыр. Асфальт енді жақын арада басталады.
Жол құрылысына халықаралық 4 компания тартылған. Жобаның жалпы құны 108 млрд теңге. Жол бойында 4 көпір, жиырмаға жуық мал өткелі, 78 суағар құбыр және бірнеше демалыс орны салынады. Жұмыс барысын жол активтері сапасының ұлттық орталығы қадағалайды. Осыған дейін аталған мекеме мамандары 400-ден аса сынама алған.
Абылай Ертуғанов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының инженері:
-Материалдың көбін осы облыстан алады мердігер компания. Әр материал келеді, біз сынама алып отырамыз әр материалдан. Барлық талаптарға сәйкес келеді материалдар.
Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде бұл жолмен тәулігіне 1 мыңға жуық көлік қатынайды. Жол құрылысы кезінде олардың іркіліссіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін айналма жолдар салынған. Қазір құрылысқа 500 техника мен 600-ден астам маман тартылған. Асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары басталғанда жұмысшылар саны 1 мыңға дейін жетеді.
Жаңғырту жұмыстарын басында 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Бірақ соңғы өткен Ұлттық құрылтайда Президент келер жылға қалдырмай биыл жыл соңына дейін көлік қозғалысын ашуды тапсырды. Осыған байланысты сәуір айынан бастап мердігерлер екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшпек.
Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов