«AI Leaders 2026» бағдарламасы іске қосылды

  • 12
  • 09.04.2026, 21:50

Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ауқымды жоба қолға алынды. 150-ден астам ірі компания басшылары қазір Стэнфорд профессорлары мен OpenAI сарапшыларынан білім алуда. «AI Leaders 2026» деп аталатын бағдарлама аясында олар өз ұйымдарына арналған ЖИ-стратегияларды әзірлеп, жаңа дағдыларды меңгереді.  

 Жетекші компания басшыларына арналған ауқымды білім беру бағдарламасы кеше басталды. Енді 2 ай бойы олар жасанды интеллектінің қыр-сырын меңгереді. Алдымен теориядан бастап, кейін бұл ілімді тәжірибемен ұштастырады. Басты мақсат жаңа технологиялар көмегімен бизнес-процестерді жетілдіру.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Бұл Мемлекет басшысының ЖИ барлық салаға енгізу туралы тапсырмасын орындау жолындағы маңызды іс. Бұл жұмыс өнімділігін арттыру,  шешімдерді тез қабылдау және бәсекеге қабілетті болу үшін қажет. Осындай ірі компаниялар жаңа бастамаларды енгізген кезде шағын және орта бизнес те олардың соңынан еретіні сөзсіз.

Бағдарламаның академиялық жетекшісі - Stanford университетінің профессоры, ЖИ туралы әлемдік бестселлер авторы, Google Research-тің экс-директоры Питер Норвиг. Ол оқу материалдарын біздің аймақтың ерекшеліктеріне барынша бейімдеген. Одан бөлек, әлемге әйгілі университет профессорлары мен  OpenAI компаниясының сарапшылары онлайн дәріс оқиды.

Мирас Зәкиев, ҚР ЖИЦДМ Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті төрағасының орынбасары:

- Соған түскен азаматтар мен азаматшалар топтарға бөлінетін болады. Сол топтарда өздерінің белгілі бір стратегиялық модельдерін құратын болады. Оқудың соңғы курсында олар ЖИ дамыту үшін қандай стратегияны әзірлеу керектігін және қалай оны ендіру керектігін дағдыларды алатын болады.

Курс аяқталған соң әрбір қатысушы Stanford университетінің ресми сертификатын алады және Орталық Еуразиядағы ең ірі ЖИ-қауымдастығының мүшесі атанады. Сарапшылар бұл бастама ел экономикасын цифрландыруға және инновациялық шешімдерді енгізуге негіз болады деп есептейді.

Дана Әлиева, Аманжол Байғазин