Үкіметте инклюзивті саясат мәселелері қаралды

  • 9
  • 21.04.2026, 21:36

Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау күшейіп, оларды жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғау бағытында жаңа шаралар енгізілуде. Сонымен қатар барлық нысандарды қолжетімді ету үшін Құрылыс кодексіне өзгерістер енгізіліп, ғимараттар жобалау кезеңінен бастап бейімделіп салынады. Бұдан бөлек, пойыздар, оңалту орталықтары және инклюзивті білім беру инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен кеңейтіліп жатыр.

Бүгінде Қазақстанда 750 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл – халықтың шамамен 3,7 пайызы. Олардың жартысынан көбі еңбекке қабілетті жаста. Биыл осы санаттағы азаматтарды қолдауға 1,1 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Қаражат жәрдемақыларға, оңалту қызметтеріне және техникалық құралдарға бағытталады. Негізгі міндет – кедергілерді жою, тең мүмкіндік қалыптастыру және инклюзивті қоғам құру. Осыған байланысты Үкіметте өткен жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жұмыспен қамту мәселесіне ерекше тоқталды.

Асқарбек Ертаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі енгізіледі. Бұл қызмет азаматтарды жұмыспен қамтығанға дейін проактивті сүйемелдейтін болады. Биылдан бастап 17 мыңға жуық мүгедектігі бар адамдарды квотамен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 2 есе көп.

Сондай-ақ жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес, барлық нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуі тиіс. Енді ғимараттар жобалау кезеңінен бастап қолжетімді болып салынып, пайдалануға берілерде арнайы тексерістен өтеді.

Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

- Осылайша қолжетімділік талаптары жобалау кезеңінен бастап ескеріліп, құрылыс кезінде міндетті түрде сақталады. Бұдан бөлек, нысанды пайдалануға беру кезде әлеуметтік қорғау органдары қатысып, оның мүмкіндігі шектеулі адамдарға қаншалықты ыңғайлы екенін тексереді.  Салалық нормативтік құжаттарға қосымша талап енгізілді. Атап айтқанда,  тұрғын үйді қайта жоспарлау тәртібі жеңілдетілді. Жобалық құжаттамада қолжетімділікке арналған бөлек бөлім қарастырылды. Бюджет есебінен салынатын тұрғын үйлерде пәтерлердің кемінде 5% мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделіп салынуы қажет.

Көлік саласында да өзгеріс бар. Қазір пойыздардың 90 пайызы арнайы жабдықталған. 2030 жылға қарай әр пойызда арнайы вагон болады. Оңалту орталықтарының желісі де кеңейіп жатыр. Соңғы жылдары бірнеше қалада жаңа нысандар ашылып, тағы жетеуінің құрылысы жүріп жатыр. Мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, ерекше балаларға арналған орталықтар көбейіп келеді. Дегенмен салада қордаланған мәселе аз емес. Осыған байланысты Үкімет басшысы біршама тапсырма берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1-ші қарашасына дейін инклюзияны қолдаудың жаңа тәсілдері мен кешенді моделіне сәйкес, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді әзірлесін.

Премьер-министр Олжас Бектенов бизнес өкілдерін инклюзияны жүйелі қолдауға шақырып, оңалту орталықтарын аудандық деңгейде ашуды міндеттеді.

Алуа Маханбет, Қайрат Ақтөреев