Алматыда Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығы құрылады. Сенат аталмыш бастаманы іске асыруға арналған құжатты талқылады. Аты айтып тұрғандай, орталық біздің елімізге қоса Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдері үшін де жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, ұйымның қызметі бүкіл өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Бір ғана мысал: отандық мамандар шетел аспай-ақ үздік халықаралық практикалық білімге қол жеткізуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ мемлекеттік орган мамандарына бюджеттік жоспарлау, статистика мен болжамдарды жетілдіру үшін де үлкен мүмкіндік.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қаралған құжат Алматы қаласында Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығын құруды көздейді және оның қызметін реттейді. Сондай-ақ беделді халықаралық ұйым бөлімшесінің қызметінде жан-жақты реттейді. Аталған құрылым өңірде экономиканы, мемлекеттік басқару саласын нығайтуға арналған жобаларды іске асыруға қолдау көрсететін болады. Жалпы бұл заң еліміздің өңірдегі жетекші қаржы және іскерлік орталғы ретінде қалыптасуына өз септігін тигізеді деп сенеміз.