Жетісу облысындағы кен орнының астан-кестеңі шыққан

  • 6
  • 27.04.2026, 21:37

Жетісу облысында алтын өндірілген ат шаптырым аумақтың астан-кестеңі шыққан. Жер қазғандар топырақты тегістемей, қопарылған күйі тастап кеткен. Кен орнындағы жұмыс бірнеше жыл бұрын тоқтады. Орнында қалған қазаншұқырға су толып, үйілген топырақты жел жан-жаққа ұшырып жатыр. Жергілікті жұрт экологиялық жағдайға алаңдайды.

Далабай кен орны 1957 жылы анықталған. Мұндағы алтын қазу жұмыстары тоқсаныншы жылдардың соңында басталып кейін қайта тоқтатылған. Соңғысы 2019-2021 жылдар аралығында жүргізілді. Қазір қойнауынан байлығы алынған аймақтың қара тастары қопарылған күйі жер ананың жарасындай болып жатыр.

Кен орны Сарыөзектен 20 шақырым жердегі Алматы-Өскемен автомагистралінің бойында тұр.  Жол жиегіндегі сервистік қызмет пен дәмханалардың иелері өндірістің тоқтағанына бірнеше жыл болды дейді. Қазір орнындағы сайды су басып, айналасындағы топырағы ұшып жатыр. Кәсіпкерлер қоршаған ортаға зияны тие ме деп алаңдайды.  

Айман Кеңесқызы, кәсіпкер:

-Техниканың ары бері жүріп жатқанын көретінбіз. Ал қазір ондай қозғалыс жоқ. Сондықтан мүмкіндік болса тоқтап қалған шығар деген ойымыз. Үш-төрт жылдай болды істеп жатқан жұмыс көрген жоқпын.

Қазба байлығын өндірген компанияның жұмысын тексерген экологтар біраз заңбұзушылықты анықтаған. «Табиғатқа келтірілген залал көлемі есептеліп, айыппұл да салынды»,- дейді саладағылар.   

Ерасыл Бекжанов, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:

-44 мың теңге әкімшілік айыппұл салынып, қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшері есептеліп берілген болатын. Яғни қоршаған ортаға келтірілген залалдың экономикалық бағалау әдістемесіне сәйкес, атап айтқанда 535 қаулығы сәйкес залал мөлшері 122 млнды құраған болатын. Қазіргі таңда сот орындаушылар тарапынан 54 млн теңге көлемінде залал өндірілді. 68 млн теңге әлі өндірілу үстінде.  

Осылайша, кінәлілер айыппұлмен құтылған. Топырақты тегістеу жұмысы міндеттелмеген. Ал жергілікті билік қараусыз қалған кен орнындағы жұмысты жандандырғысы келеді. Инвестор тарту шаралары жүріп жатыр. Әзірге табыла қоймапты.

Ержан Шалқыбеков, Көксу ауданы әкімінің орынбасары:

-Далабай кен орнына тиесілі жер 337 гектар. Қазіргі таңда 13 гектарының иесі бар. 324 гектары бос тұр. Осы бос тұрған жерге біз инвестор іздестірудеміз. Жарты жылдыққа дейін инвестор табылып қалуы мүмкін. Алған жағдайда рекультивация жүргізу қарастырылған.

Инвестор табылған жағдайда аудан әкімдігінің жоспары көп.  Жергілікті тұрғындарға жұмыс та табылар еді.  Әзірге Далабай кен орны адам қолымен жасалып, табиғатқа келтірілген залалдың ескерткішіндей болып тұр.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов