Алматы облысында кәсіпалды білім беру мәселесі талқыланды

  • 8
  • 29.04.2026, 21:42

Кәсіпалды білім беру оқушылардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға, олардың бейімі мен қабілетін анықтауға көмектеседі. Сондықтан бұл үрдіс мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Алматы облысындағы Виссарион Белинский атындағы мектеп-гимназияда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осы тақырып талқыланды.

Александр Вергелес 9-сыныпта оқиды. Кішкентайынан табиғатқа жақын. Жасыл желек өсіргенді жақсы көреді. Әртүрлі өсімдіктің тұқымын үйінде егеді. Тамыр жайғанын мектебіне алып келеді. Мына кішкентай емен көшеттерін тұқымнан өсірген. Былтыр әкеп отырығызыпты. Қыстан шығып, жапырақ жайып тұр. Александр болашақта кім болатынын жақсы біледі. «Оған осындай кәсіпалды білім беру бағдарламасы көп көмегін тигізеді»,- деп санайды.

Александр Вергелес, 9-сынып оқушысы:

-Келесі жылы агросынып ашылады. Соған міндетті түрде барамын. Қазір де бос жүрген жоқпын. Бос уақытымда экологиялық шараларға қатысам. Болашақта агроном болсам деймін. Алматыдағы ботаникалық баққа жиі барып, мамандармен сөйлесіп, ақыл-кеңесін алып тұрамын.

Кәсіпалды білім берудің агросыныптан өзге тағы бірнеше бағыты бар. Олар - медиа, IT, медицина және жас жасақшы, прокурордың жас көмекшісі. Барлығы 7 бағыт. Дәріс 1,5 жылдан бері жүріп жатыр. Оны сол мамандық иелері оқиды. Ол үшін мектеп бірнеше мекемемен секріктестік орнатқан.

Тұрсын Сайбырова, В. Белинский атындағы мектеп-гимназиясының директоры:

-Бүкіл дайындық 1-сыныптан басталады. 5-сыныптан біз балаларды бағдарлаймыз. Ол үшін біз Meta Skills ай сайын дамыту деген бағдарлама жүзеге асып жатыр. Кәсіпалды даярлық сыныптары Алматы облысы бойынша біздің мектепте тұңғыш ашылып отыр. Біздің мақсатымыз осы сыныптарды біздің мектепте опробациядан өткізіп келешекте Алматы облысына одан кейін республика көлемінде опробация өткізу.

Оған қоса бұл білім ошағының тағы бір ерекшелігі түлектер өздерінің қалаулары бойынша екі бірдей аттестатқа қол жеткізе алады. Қазақстандық және халықаралық үлгідегі аттестатты қоса алып шығады.

Георгий Махвиладзе, білім беру қауымдастығының президенті /АҚШ/:

-Барлығы бірдей шетелге бара алмайды. Біз оқушылардың өз мектебінде қалып оқуына мүмкіндік береміз. Платформада тапсырма ағылшын тілінде беріледі. Оны сабақтан тыс кезде орындайды. Қазір 200-ден астам оқушы білім алып жатыр. Келесі жылы алғашқы түлектер бітіріп шығады. Олардың көбі шетелдегі мықты университеттерге дайындалып жатыр.

Осының бәрі мектептің білім беру әлеуетін көтеруді көздейді. Яғни мамандандырылған сыныптар жүйесі кәсіп таңдауға көмектеседі. Ал ұстаздар осы салада тәжірибе алмасу үшін халықаралық сарапшылар алаңын құруды көздейді. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев