«Неменеге жетістің, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр», - деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай, ардагерлеріміздің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Алматы облысында бүгінде небәрі төрт соғыс ардагері қалды. Солардың бірі Ұйғыр ауданындағы Бахар ауылында тұратын Алым Кебиров. Зұлмат соғыста Белоруссия, Украина майданында шайқасып, Белгород, Львов қалаларын жау қолынан азат етуге қатысқан батыр атамыз 103 жасқа қадам басты.
Ғасыр жасаған соғыс ардагерінің денсаулығы сыр беріп, бойындағы қуаты кеми бастағанымен, «Катюша» әні шырқалғанда жігерленіп сала береді. Ең алғаш рет Валентина Батищева орындаған бұл музыкалық туынды сол бір отты жылдарда майдан даласындағы жауынгерлермен қоса бүкіл халықты жігерлендірді. 18 жастағы бозбала Алым Кебиров 1942 жылдың 22 ақпанында неміс басқыншылары басып алған қалаларды жау қолынан азат ету үшін соғысқа аттанды. Алдымен Белоруссия майданында болып, Украинаны неміс басқыншыларынан азат етуге қатысты.
Алым Кебиров, соғыс ардагері:
- 102 жасқа келдім. Бұл да Құдайдың берген жасы. Бұдан кейін жастарға айтатыным, жақсы, адалынан жұмыс істеу керек. Адалынан 54 жыл істедім. Соғыс болмасын, сұм соғысты көрмейік! Қазақстанда тек жақсылық болсын!
Алым Кебиров соғыстан оралған соң жарты ғасырдан астам уақыт бойы колхозда еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Зайыбы екеуі 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Солардан тараған ұрпақтың өзі бүгінде бір қауым елге айналды.
Талғатжан Кебиров, Алым Кебировтың ұлы:
- Төртеуі қайтыс болды. Қалғандарымыз осы жерде отырмыз. Атамыздан 27 немере, 67 шөбере, 3 шөпшек тараған. Міне, біз сол атамыздың ұрпағымыз. Атамызды өте мақтан тұтамыз. Сол кісінің арқасында бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Атамызға мың алғыс!
Құлағы қағыс еститіні болмаса, Алым атамыз әлі тың. 8 мамыр күні аудан орталығы Шонжыда 102 жасқа толуына орай ақ дастархан жаятынын айтты және ол тойға біздің түсіру тобымызды арнайы шақырды. Кеңес әскерінің жауынгері үйіне келген қонақтарды әлі күнге дейін қақпасының алдынан тік тұрып, шығарып салады.
Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов