Екінші дүниежүзілік соғысқа 1 миллионнан астам қазақстандық азамат аттанып, соның тек 600 мыңға жуығы елге оралған. Ерен ерлігімен талайды мойындатқан жауынгерлер аз болмады. Солардың бірі – Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин. Оның өшпес ерлігі мен ғылыми еңбектерін кейінгі буынға дәріптеу – азаматтық борышымыз. Таяу арада Көкшетаудағы әскери бөлімде Мәлік Ғабдуллин атындағы оқу сыныптары ашылады.
1943 жылы алғаш рет қазақтың қос баласына Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Оның бірі майдан даласында ерлікпен қаза тапқан шығысқазақстандық Төлеген Тоқтаров болса, екіншісі ақмолалық Мәлік Ғабдуллин еді. Мынау сол кезде батырдың кеудесіне тағылған «Алтын жұлдыз». Құнды жәдігер қазір Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейінде сақтаулы тұр.
Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин сол жылы қысқамерзімді демалысқа елге келеді. Халықпен жүздесіп, майдан шебіндегі жағдайды жеткізеді. Тіпті жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа да арнайы сәлем беріп, ақсақалдың батасын алады.
Ғабдуллин мұрасын жаңғырту ісінде батыр есімімен аталатын музей ұжымының да еңбегі зор. Қазір мұнда 7 мыңнан астам жәдігер сақталған. Соңғы жылдары музей қызметкерлері Мәліктің ғылыми еңбектерін жан-жақты зерттеп жатыр. Алдағы уақытта бәрін топтастырып тұлғалық энциклопедия шығаруды көздейді.
Мұхаммед Қонқаев, М. Ғабдуллин музейінің меңгерушісі:
- Музей болғаннан кейін тек қана жәдігерлерді сақтайтын орын ғана емес, бұл музейді ғылыми орталыққа айналдыру біздің басты мақсатымыз. Себебі Мәлік Ғабдуллин тұлғасына қарасаңыздар жан-жақты ғой. Оның батырлығы да бар, ғалымдығы да бар, педагогика саласында да алсақ та болады. Енді Мәліктің ғалымдығы десек, алдымен халық ауыз әдебиеті, оның ішінде батырлар бірден еске түседі.
Қазір елімізде Мәлік Ғабдуллин атындағы 9 мектеп бар. Оның екеуі Ақмола облысында орналасқан. Бұдан бөлек, 2021 жылы еліміздегі құтқарушыларды дайындайтын жалғыз жоғарғы оқу орнына да Ғабдуллин есімі берілді. Бүгінде осы білім ошақтары Мәлік мұрасын жаңғырту мақсатында бірқатар жобаны қолға алған.
Сандуғаш Қасымова, М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының кафедра бастығы:
-Біз жан-жақты батыр бабамыздың нақыл сөздерін сабақтар да пайдаланамыз. Және біздің курсанттарымыз үш жыл көлемінде батыр бабамыздың «Менің майдандас достарым», «Майдан әңгімелері», «Қазақ баласы» секілді еңбектерін дауыс ырғағымен аудио баспа да жазуға жұмыс жүргізіп жатыр.
Мәлік Ғабдуллин қаһармандығымен қоса, қаламгерлігімен де танылған тұлға. Оның көптеген ғылыми еңбегі мен монографиялары халқымыздың өшпес мұрасына айналды. Батырдың өнегелі өмір жолы да жастарға үлгі болып қала бермек.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный