Құрбан айт – мейірім мен татулық мерекесі

  • 9
  • 27.05.2026, 19:31

Kүллі мұсылман қауымы қасиетті Құрбан айт мерекесін атап өтуде. Алдағы үш күнде шамасы келгендер құрбандық шалып, оның етінен мұқтаждарға таратқаны абзал. Қалаларда ол үшін құрбандық шалуға арналған орындар бекітілді. Сондай-ақ мерекеге орай жақындарды құттықтау, балаларға сыйлық беру, ізгі амалдар жасау халқымыда қалыптасқан игі дәстүр.

Мұсылман жамағаты бүгін таңсәріден мешіттерге асықты. Имамдарымыз жиналғандарға Құрбан айттың мән-маңызы, құрбан шалудың тарихы мен хикметі туралы уағыз-насихат айтты. «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындық» деген мағыналарды білдіреді. Демек Алланың ризашылығы үшін құрбандық шала отырып, мұсылман баласы жаратқан иесіне жақындап, күнәларының кешірілуіне, үлкен сауапқа кенелуіне мүмкіндік алады.

Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти:

- Құрбандық төрт түлік малдан шалынады. Кімнің жағдайы бар сол адамға құрбандық шалу міндет. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы құрбандықты татуласу мерекесі деп те жарияладық. Осыны халыққа үндеу ретінде жеткізіп жатырмыз. Құрбан мейрамында адамның жүзінде күлкі болуы керек.

Белгіленген уақытта айт намазы оқылып, кейін елдің амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасалды. Жамағат бір бірін айтпен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Бұл тек діни рәсім ғана емес, мейірімнің, адамгершілік пен жан тазалығын насихаттаудың бір жолы.

Айтпақшы биыл да қашықтықтан құрбан шалуға мүмкіндік жасалыпты. Ол үшін Qurban.muftyat.kz онлайн платформасы іске қосылған. Сол жерден әр адам өз қаласы және мал түрін таңдау арқылы құрбандық шалуға тапсырыс бере алады. Жиналған етті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы және әлеуметтік мекемелерге үлестіруге жауапты мамандар бекітілген. Бүгіннің өзінде олар азаматтардың аманатын орындауға кірісіпті. Ал өзім барам деушілер үшін қалаларда құрбандық шалуға арналған орындар бекітілген. Мәселен, Астанада «Шанхай», «Баракат», «Жайлау» базарлары және «Шәушен» шаруа қожалығы мен ет цехы таңғы 7-ден бастап жұмыс істеуде. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов