Қазақстан мен Ресей білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуда. Негізгі бағыттардың бірі – «Сириус – Қазақстан» жобасы. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылып, дарынды балалармен жұмысты дамытуға, таланттарды ерте анықтап, заманауи білім беру бағдарламалары арқылы қолдауға бағытталған. Жоба аясында қазақстандық оқушылардың білім сапасы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Негізгі басымдық математика, жаратылыстану ғылымдары, жасанды интеллект, робототехника және инженерия бағыттарына беріледі. Оқыту үдерісі заманауи әдістемелер мен Қазақстанның мемлекеттік білім беру стандарттарын ұштастыру негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар оқушылардың зерттеу және жобалық жұмыстарына айрықша назар аударылады.
Майра Мелдебекова, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі:
- Педагогикалық құрам Қазақстандық мамандардан жасақталып, олардың үлес шамамен 80 пайызды құрайды. Ұзақмерзімде жоба білім экономикасын дамытуға және елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға ықпал етіп, біліммен адами капитал негізінде курсқа айналады.
Қаныбек Жұмашев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің төрағасы:
-Ұлттық мазмұнды міндетті түрде енгізетін боламыз. Оқу бағдарламаларына домбыра, ұлттық өнер, ұлттық спорт курстары, сондай-ақ адал азамат, біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіледі. Сонымен қатар халықаралық тәжірибені және талант және табыс қорының біліктілікті арттыру бағдарламаларында қолдану көзделіп отыр.