Мемлекеттік рәміздер күніне орай Жетісу облысының 35 ауылында жаңа ту тұғырлары салтанатты түрде ашылды. Ауқымды іс-шара ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды. Елді мекендердің барлығында бір мезетте Мемлекеттік Әнұран шырқалып, көк байрағымыз көкке көтерілді. Ұлттық рухты асқақтатқан мерекелік жиындарға 3,5 мыңнан астам адам қатысты.
Салтанатты шара Талдықорған қаласында да кең көлемде ұйымдастырылды. «Рәміздерім – мақтанышым» атты патриоттық акцияға жастар, қоғамдық ұйымдардың белсенділері, мектеп оқушылары, еріктілер, интернационалист-жауынгерлер, әскери қызметшілер және қала тұрғындары жиналды. Іс-шара барысында биіктігі 92 метр болатын ту тұғырының жанында отаншылдық рухтағы әндер орындалып, мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Қайрат Жаңабаев, облыстық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы:
- Бұл рәміздер әр қазақ үшін намыс. Өте жігерлі іс-шара. Сондықтан бүгінгі жастарымыз Көк Ту көтерілген кезде қаншалықты рухтанады. Адамның ішінде рух пайда болады. Осы қазақ еліміз үшін мақтанышымыз болады. Сондықтан осындай патриоттық шараларды жыл бойы патриоттық рухта өткізуіміз керек.