Алматыда Медеу мұз айдынындағы тұғырда еліміздің Мемлекеттік Туы көтерілді. Ені 7, ұзындығы 14 метр болатын алып ту 40 метр биіктікте желбіреді.
Спорт кешенінің алдындағы алаңға қоғам қайраткерлері, еріктілер, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері жиналды. Іс-шараға барлығы шамамен 1,5 мың адам қатысты. Сонымен қатар студенттер мен белсенді жастар тағы бір туды жайып ұстап, бірліктің символдық бейнесін қалыптастырды. Іс-шара барысында эстрада жұлдыздары патриоттық әндер орындап, өнер көрсетті.
Зәкіржан Кеңес, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі :
- Менің ойымша, бұл Мемлекеттік рәміздер мерекесі жылдан жылға халықтық сипат алып жатыр. Яғни кез келген қаланың тұрғыны осы Мемлекеттік рәміздер мерекесін сезініп, көк Туымызды желбіретіп, осы мерекеге ерекше дайындықпен келді. Оны бүгінгі шарамыздан-ақ байқауымызға болады. Өте көп адам жиналған, әсіресе жастардың белсенділігі өзімді қуантты.