Елімізде жаңа туристік маусымға орай қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Елдің көрікті жерлеріне баратын меймандар үшін қажетті жағдай жасау – күн тәртібінде. Кендерлі, Көлсай, Зеренді, Қатонқарағай, Зайсан секілді туристік аумақтарға апаратын жол және әуе қатынасын реттеу қолға алынған. Саланы дамыту мәселесі Үкімет отырысында қаралып, тиісті министрліктер мен облыс әкімдеріне нақты тапсырма берілді.
Туризм – табыс көзі ғана емес, елдің имиджін қалыптастырып, тарихы мен мәдениетін әлемге паш ететін маңызды сала. Ал еліміздің туристік ахуалы жыл өткен сайын жақсарып келеді.
Тек былтыр ерекше қорғалатын аумақтарға 3,7 миллион адам барған. Алдыңғы жылғы көрсеткіш – 2,8 млн. Саланың ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңгені еңсерді. Салық түсімдерінің көлемі де артып, 630 млрд теңгеге жеткен. Бүгінгі күні бұл салада 600 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мол болғанымен, мәселе де жоқ емес.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Қарағанды облысындағы Торанғалық кентінде магистральдық су құбырын салу үшін қосымша қаржыландыру қажет. Щучинск-Бурабай курорттық аймағында Громотуха өзені арқылы өтетін көпір салу және курорттық аумақтағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған жол инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет.
Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:
- Ішкі әуе рейстері өңірлер арасындағы байланысты нығайту үшін өте маңызды. Жазғы маусымды негізгі туристік аймақтар Алакөлге, Балқашқа, Түркістанға, Бурабайға және Каспий теңізіне авиамаршруттар бойынша рейстер орындалуда. Жазғы кезеңде аталған бағыттар бойынша аптасына 45 рейс ұшуда.
Жалпы туристік маусым қарсаңында қолға алынған жұмыс көп. Белгілі болғандай, қазір 11 мың шақырым автожолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Рахман қайнары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді және Көлсай туристік аймақтарына апаратын бағыттар да қамтылады. Ал Президент тапсырмасы бойынша Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Almaty SuperSki тау курортында 60 шақырым тау-шаңғы трассасын салу көзделген. Шетелдік туристердің елге келу тәртіптері жеңілдетілді.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- 105 мемлекеттің азаматтары елшілікке бармай, электрондық визамен елге кіре алады. Сондай-ақ IT-мамандарға арналған Digital Nomad туристер үшін Neo Nomad визаларын беру ұйымдастырылды. Қабылдаушы тарап туристердің келетіні туралы онлайн форматта хабарлайды.
Туристік кезеңнің сәтті өтуі өңірлер үшін де маңызды. Бүгінгі отырыс барысында бірқатар облыс әкімдері де сала бойынша жұмыстарын баяндап, меймандар қабылдауға арналған іс-шараларын тізіп берді. Үкімет басшысы Президент тапсырмасына сай туристік әлеует пен инфрақұрылымды жедел қарқынмен дамыту қажеттігін атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Отандық және шетелдік туристерді тарту үшін ұлттық парктеріміздің әлеуетін неғұрлым белсенді түрде пайдалану қажет. Әкімдіктер мен министрліктер демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша алдын алу шараларын қабылдауы тиіс. Демалушылар үшін курорттық аймақтарды дайындау жұмыстарын ақпараттық тұрғыдан барынша белсенді түрде жариялау қажет.
«Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Алтын-Емел сынды табиғи байлықтарымыз жетерлік, алайда саланы дамыту үшін жаңа инвесторларды тарту қажет», - деді Үкімет басшысы.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков