Қазақстанда жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Президент тиісті заңға қол қойды. Құжат жануарлар дүниесін басқару ісін жаңғырту, саланы цифрландыру, сондай-ақ табиғат қорғау заңнамасын бұзғандар үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Жануарларды қорғау, оларға қамқорлықпен қарау халқымыздың болмысында бар қасиет. Десе де соңғы кезде кері қылық көрсетуші қатыгездер көбейіп барады. Жаңа заң солардың тізгінін тартуға сеп болады деген сенім мол. Қылмыс жасағандар үшін айыппұл көлемі, қоғамдық жұмыстарға тарту және қамау мерзімдері ұлғайтылған. Тіпті үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Қажым Жұмалиев, «Табиғат» республикалық аңшылық шаруашылықтарын пайдаланушылар қауымдастығының президенті:
–Құжатта үй жануарларына жауапсыз қарайтын, оларды тағдыр тәлкегіне тастап кететін азаматтарға қатысты қандай шара қолданылатыны нақтыланған. Бұл өте маңызды. Өйткені тастанды жануарлар кейін жабайыланып, тұрғындардың жалпы қаланың тірішігіне кері әсер етеді. Мәселе тек санкцияларда немесе жазалауда емес, ең бастысы – сол жазаның бұлжытпай орындалуында.
Өзгерістер аңшылық саласына да қатысты. Енді әуесқой аңшылық кезінде тепловизорларды, түнгі көру құрылғыларын және дрондарды пайдалануға тыйым салынады. Талапты бұзғаны үшін қазіргі есеппен 43 мың теңгеден астам айыппұл көзделген. Сондай-ақ жаңа өзгерістерге сәйкес аң өсірумен шаруалар де айналыса алады.
Олжабек Холов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:
-Аңшылық шаруашылықтары немен айналыса алады? Бұған түлкі, қоян, борсық сияқты аңдар, сондай-ақ марал, бұғы секілді тұяқты жануарлар кіреді. Жануарлар санының қорытындысы бойынша жануарлар дүниесін пайдалануға лимиттер белгіленеді. Осы тізім негізінде аң аулауға рұқсат беру анықталады.
Заңның тағы бір бөлігі сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар жануарларды қорғауға бағытталған. Мысалы, қазіргі уақытта Қазақстанда қарақұйрық, арқар және құлан популяциясын көбейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Сондай-ақ маңызды нормалардың бірі электр беру желілерін құстарды қорғайтын арнайы құрылғылармен жабдықтауды міндеттейді. Бұл қанаттылардың электр тоғынан қырылуын азайтуға мүмкіндік береді.
Ердәулет Ыбырайұлы