Экологтар жасанды жаңбыр шақыру технологиясын реттеуді талап етті

  • 9
  • 22.06.2026, 19:55

Ауа райы құбылып тұр. Елдің батысында әлсін-әлсін жаңбыр жауып, кей өңірде дауыл соқса, елордада күн күрт ысып кетті. Бүгіннің өзінде термометр бағаны 32 градусты көрсетті. Дегенмен «Қазгидромет» мамандары жұртшылықты сабырға шақырып, шілде айынан бастап ауа температурасы біртіндеп төмендейтінін хабарлап отыр. Ал экологтардың бұл жағдайға қатысты өз айтары бар.

Елорда үшін бүгінгідей ыстық ауа райы сирек кездесетін құбылыс. Жол жабындысы асфальт қызып, тұрғындар көлеңке іздеуге мәжбүр. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай осыдан алты жыл бұрын байқалып, ол кезде кей жерлерде ауа температурасы 40 градусқа жеткен болатын. Алайда шілде айында ауа райы өзгереді.

Айдана Шартақбаева, «Қазгидромет» РМК жетекші инженері:

-  Шілде – жылдың ең ыстық айы. Дегенмен циклондардың ықпалы мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ай бойы еліміздің барлық өңірінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Соның нәтижесінде еліміздің солтүстік бөлігінде ауа температурасы 20 градусқа дейін, ал оңтүстік бөлігінде 25 градусқа дейін төмендейді деп болжанып отыр.

Ал экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликованың пікірінше, аптап ыстықтың себебі тек табиғи үрдістермен байланысты емес. Климаттың өзгеруіне адам факторының ықпалы барған сайын күшейе түсуде. Кейбір өңірлерде егінді сақтау мақсатында жасанды жаңбыр шақыру технологиялары қолданылып жүр. «Алайда сарапшылар мұндай тәсілдерді тек нақты ережелер мен реттеу тетіктері болған жағдайда пайдалану керек»,- дейді.

Лаура Маликова, тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:

-Жасанды жаңбыр шақыру технологияларына шектен тыс әуестенуге болмайды. Оны қолдану регламенті әзірлену керек. Сонымен қатар экономиканың басқа салаларына әсері де ескерілуі қажет. Тек содан кейін оны пайдалануға болады. Қазіргі уақытта бұл технологияларды реттейтін нормативтік-құқықтық актілер жоқ.

Жоғары температура қоршаған ортаға ғана емес, адам денсаулығына да қауіп төндіретіні анық. Әсіресе қарт адамдар, балалар және созылмалы аурулары бар азаматтар сақ болғаны жөн. Дәрігерлер күн астында ұзақ жүрмеуге және міндетті түрде бас киім киюге кеңес береді.

Ольга Костина, №3 қалалық аурухананың терапевт дәрігері:

-  Адам ағзасы көп мөлшерде сұйықтық жоғалтқан кезде сусыздану пайда болады. Терлеу арқылы дене салқындайды, бірақ су көп жоғалған сайын қан қысымы төмендеп, адам есінен тануы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда ең бастысы жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішу. Қарапайым таза суды ішкен дұрыс.

Дегенмен елорда климаты елдің көп бөлігімен салыстырғанда жайлы. Сондықтан аптап ыстық та ұзақ тұрмақ емес.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Амир Саменбетов, Самат Оспанов