Орал қаласында Шаған өзені арқылы жаңа автомобиль көпірі салынбақ. Осы арқылы Ақжайық, Деркөл шағын аудандары мен Зашаған кентінің тұрғындары қала орталығына төте жолмен қатынап, күнделікті көлік кептелісінен құтылады. Құны 35 млрд теңгеге бағаланған нысан құрылысы 3 жылда аяқталмақ.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Ақжайық шағын ауданын қаланың орталығына, яғни Әлия Молдағұлова көшесіне тіке жалғайтын көпірдің ұзындығы жолымен қоса алғанда 3,9 шақырым болмақ. Ал қазір тұрғындар сол жерге жету үшін Зашаған кенті арқылы 12 шақырым, немесе Деркөл шағын ауданы арқылы 14 шақырым жол жүруге мәжбүр. Сонымен қатар, көпір салынса тұрғындар күнделікті кептелістен де құтылатын болады.
Бүгінде Шаған өзенінің оң жағалауында көпір діңгектері қағылатын орын әзірленіп, жолдың табаны тартыла бастады. Құрылысқа қажетті материалдар тасымалдануда. Ерекшелігі жоба EPC контракт түрінде жүзеге асады. Яғни барлық ізденіс-жобалау-келісу жұмыстары, қажетті материалдар мен жабдықтарды таңдау мен табу, құрылысты салу мердігердің мойнына жүктеледі.
Артур Яцык, учаске бастығы:
- Әзірлік жүріп жатыр. Жол түсетін жердегі топырақтың беткі құнарлы қабатын қырып алып жатырмыз. Жобалау жұмыстары 15 тамызда бітеді. Сосын мемлекеттік сараптамаға кіреміз қарашаға дейін. Көпірдің өзі металл құрастырмасынан болады, тіректері монолит бетоннан құйылады. Ұзындығы 220 метр болады.
Ал өзеннің сол жағалауында көпір жолында ескі гараждар мен бірнеше бизнес нысан орналасқан. Ол жерлер мемлекет мұқтажы үшін қайтарылып алынады. Қала әкімдігі осы аптада меншік иелерімен кездесіп, тиісті түсінік жұмыстарын жүргізген. Өтемақы бағалау құнына сәйкес төленеді.
Денис Смирнов, «Омега» көлікжай кооперативінің төрағасы:
- Құжат бойынша мұнда 700 гараж орналасқан. Соның 500-інің нақты иесі бар. Осы жерде көпірге эстакада салынады, 125 гараж сүріледі деп бізге келіп айтып кетті. Гараж қожайындарының жартысы келісіп тұр. Келіспейтіндері де бар. Өйткені олардың ескі-құсқы заттарын сақтайтын басқа орны жоқ. Сондай-ақ көбінің қолында госакт жоқ. Әкімдік соның бәрін заңдастыруға көмектесеміз деді.
Шағын өзені арқылы көпір салып, Ақжайық шағын ауданын қала орталығымен тіке байланыстыру жайы алғаш 2019 жылы көтерілген еді. Алайда қоғамдық тыңдауда жоба қолдау таппады. Одан бері өзеннің арғы бетіндегі халық саны өсті, көпірге қажеттілік артты. Құрылыс құны да көтеріліпті. Мәселен 7 жыл бұрынғы жобада көпірді 12 млрдқа салу көзделсе, қазіргі жобаның құны одан 3 есе артық.
Азамат Халелов, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
- Ол кездегі жобамен қазіргі жобаның ара қайшылығы едәуір көп. Қазіргі жобаның өзінде төрт жолақ бар. Одан бөлек қазіргі жобаның өзінде мосттан бөлек манағы төрт шақырым оны қосатын жолдары бар. Яғни одан бөлек қазіргі жасалған жолдардың геодезиясы жасалғанда өткен су басу қаупі бар аймақтардың барлығы 24 жылғы тасқынмен ескерілді. Сондықтан өзіндік бүгінгі бағасы, шекті бағасы 35 миллиардты құрайды. Әрине жоба толықтай шыққаннан кейін ол біз оның нақты бағасын білетін боламыз. Одан аз да шығуы мүмкін.
Жоба бойынша құрылыс 3 жылда аяқталуы тиіс. Бірақ қазір қала басшылығы мердігерлер алдына көпірді одан әлдеқайда аз мерзімде, яғни 28 айда салып бітіру туралы талап қойып отыр.
Авторлар: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов.