Әлемге әйгілі актёр Джеки Чан Алматыға келді. Ол басты рөлді сомдайтын «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильмінің түсіріліміне арналған баспасөз конференциясына қатысты. Халықаралық жобаның бас серіктесі - Kaspi.kz. Компания басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе актерге Kaspi Gold картасын табыстап, енді Қазақстанда өзін жергілікті тұрғындардай еркін сезіне алатынын әзілмен жеткізді.
Аңызға айналған «Азия сұңқары» бұл жолы қазына іздеп Қазақстанға келеді. Жаңа фильмде қандай құнды жәдігерлер туралы айтылатыны әзірге құпия. Алайда түсірілім Қазақстанның ең көрікті өңірлерінде өтетіні белгілі. Бұл әлемдік аудиторияға еліміздің табиғаты мен туристік әлеуетін танытуға берілген мүмкіндік.
Михаил Ломтадзе, Кaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі:
- Бұл адам шынымен де миллиондаған адамға қуаныш пен жақсы көңіл күй сыйлайды. Джеки Чан түскен әрбір фильмнен кейін әлем бұрынғыдан да жақсара түсетіндей әсер қалдырады. Бұл Kaspi.kz-тің миссиясымен үндеседі - сүйікті клиенттеріміздің өмірін жақсарту. Сондықтан Джеки Чан туралы фильмнің Қазақстанда түсірілетінін білгенде, бірден жобаны қолдаймыз деп шештік.
Джеки Чан Алматыда алғаш рет қазақстандық журналистермен және жанкүйерлерімен жүздесті. Баспасөз конференциясына киносүйер қауым, блогерлер мен актерлер жиналды. Көпшілік әлемдік кино жұлдызын өз көзімен көріп, әдемі сұқбат өрбіді.
Джеки Чан, актёр, режиссёр және продюсер:
- Қазақстанға қайта оралғаныма және сіздермен бірге болғаныма өте қуаныштымын. Ең алдымен, осы кездесудің өтуіне себепші болған Kaspi.kz, Salem, режиссерге және бүкіл топқа алғысымды білдіргім келеді. Келгендеріңізге рақмет. Фильм сіздерге ұнайды деп үміттенемін. Мен сіздерді жақсы көремін.
«Құдайдың сауыты» франшизасының алғашқы бөлімі осыдан қырық жылға жуық уақыт бұрын жарық көріп, әлемдік кино тарихындағы ең танымал шытырман оқиғалы фильмдердің біріне айналды. Көрермен оны әсерлі трюктері, әзілге толы сюжеті және Джеки Чанның қайталанбас орындауы үшін жақсы көреді.
Азамат Ырзағалиев, актёр: - Қазақстан киносы өте қарқынды дамып жатыр. Кино саласындағы ішкі нарықта біз Голливудпен де бәсекелесіп келеміз. Енді бүкіл дүниежүзі көретін фильмдер түсіріп жатырмыз. Бұл – үлкен жетістік. Salem-ге, Kaspi-ге көп рақмет!
Мейіржан Шерниязов, актёр:
Балалық арманымыз орындалды. Джеки Чан ағамыз біздің әкемізден де үлкен ғой. Оны көргенімізге өте қатты қуаныштымыз. Осындай арманымызды орындап жатқаны үшін ұйымдастырушыларға, Salem-ге және өзіміздің ұлттық Kaspi-ге рақмет айтамыз.
Фильмнің түсірілімі Алматы, Астана, Түркістан қалаларында, сондай-ақ Алматы және Маңғыстау облыстарында өтеді. Бұл орындарды Джеки Чанның өзі арнайы таңдаған. Сондай-ақ фильмнің бір бөлігі Гонконгта түсіріледі. Ал «Құдайдың сауыты: Ультиматум» картинасының тұсаукесері 2027 жылдың ақпан айына жоспарланып отыр.
Бекзат Үшкемпір, Валентин Лобанов