Орталық сайлау комиссиясы алғашқы партия кандидаттарын тіркелді. «Республикалықтарға» ресми куәлігі берілді. Саяси ұйым бастапқыда 76 адамды сайлап қойған еді. Бірақ орта жолда бір мүшесі үміткерліктен шығуға өз еркімен шешім қабылдап, өтініші мақұлданды. Сонымен 75-тің ішінде орташа жастағылар - 40-тан асқандар. Қатарында 35 жасқа дейінгі жастар үлесі 12 пайыз. Жалпы 44 ер және 31 әйел адам бар. Кандидаттар тізіміндегілердің 70 пайызы кәсіпкер.
Олжас Құспеков, Respublica партиясының мүшесі:
- Олардың басты мақсаты – бірінші кезекте өздерінің арманындағы Қазақстанды бірге құру. Дәл қазір біздің еліміздегі жалаң ұрандар емес, нақ осындай іске тұлғалардың көзқарасы ауадай қажет. Сондықтан елді дамытуға ұмтылатын мықты команда тіркелді деп айта аламын.
Орталық сайлау комиссиясы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының партиялық тізімін тіркеді. Саяси ұйым 33 кандидат ұсынып отыр. Тізімнің 30 пайыздан астамы жастар мен мүгедектігі бар адамдар. Партия 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында сайлаушылар дауысының 5 пайызынан астамын жинағандықтан сайлау жарнасын төлеуден босатылды.
Кандидаттарға тиісті куәліктер табысталды. Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын Respublica партиясының партиялық тізімін тіркеген еді.
Мақсұт Насибулов, «ЖСДП» орталық аппаратының жетекшісі:
- 2019 жылы біз өзіміздің іс-шарамызда келісімге келген болатынбыз. Партия тізіміне тек партияға еңбегі сіңген, қолдау көрсеткен, партияда жұмыс істеген азаматтар ғана енуі керек деп шештік. Біздің тарапымызда, тағы да қайталап өтейін, олигархтар жоқ. Біздің тарапымызда басшылық қызметте отырған шенеуніктер де жоқ. Әрине, тізімге көп адамды енгізуге болатын еді: 50, 60, 100 адам дегендей. Бірақ соған қарамастан, бұл нағыз социал-демократтар.