Қазақстанда «Astana» атты отандық автобус шығарылады

  • 15
  • 21.07.2026, 19:30

Қазақстанда «Astana» деген атаумен отандық автобустар шығарылады. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Жаңа техниканың дизель және газбен жүретін үлгілерін қараша айында көруеміз мүмкін. Ал келер жылы электравтобус өндірісі іске қосылады. Бүгінгі жиында жалпы отандық автокөлік өндірісінің бүгіні мен болашағы талқыланды.

Қазақстан үкіметі үшін машина өндірісі – өсудің маңызды бағыттарының бірі әрі ел экономикасын әртараптандырудың локомотиві. Сондықтан да сала жұмысына талдау жүргізіп отырады. Қазіргі уақытта елімізде жеңіл автомобиль, автобус, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Жылдан-жылға отандық қамтуды арттыруға баса назар аударылуда. Бүгінге дейін отандық кәсіпорындар шина, аккумулятор, орындық, мультимедиялық жүйелер сияқты өнім шығаруды игерді.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Одан бөлек, бамперлер, электр сымдары, доңғалақ дискілері және лак-бояу материалдарын шығаратын жаңа жобалар іске асырылуда. Осы бағытты дамыту үшін машина жасау және көлік мәселелері бойынша заң қабылданып, онда «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілді. Қазіргі уақытта ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Саран және Алматы қалаларында қалыптасқан.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 171 мыңнан астам автокөлік шығарылды. Салада 10 мың адам еңбек етуде. «Десе де әлі кадар тапшы», - дейді мамандар. Оларды даярлау еліміздің 19 жоғары оқу орнында жүзеге асырылады.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

 - Автомобиль өнеркәсібіне қажетті инженерлік бағыттар бойынша 4 мыңға жуық студент білім алуда. Биыл осы бағыттарға 3 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемдік деңгейдегі мамандар даярлануда. 176 маман даярланды, қазіргі уақытта 23 стипендиат Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Чехия, Жапония, Қытай, Италия және басқа да елдерде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтуде.

Премьер-министр Қазақстанда өндірілетін арнайы техникалардың тиімділігі мен маңыздылығын атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазір өздеріңіз білетіндей, өрт қаупі жоғары кезең. Ауа температурасы да күрт көтеріліп отыр. Осы ретте заманауи өрт сөндіру техникалары үлкен көмек көрсетуде. Аталған техникалар кеше ғана «Семей орманы» аумағында өрт сөндіру жұмыстарына белсенді қатысты. Қазақстанда шығарылған техниканың ел игілігіне тиімді пайдаланылып жатқаны қуантады.

Шамамен 4 айдан кейін Қазақстанда «Астана» брендімен автобустар шығарыла бастайды. Үкіметтің бүгінгі отырысында оның сыртқы және ішкі көрінісі таныстырылды. Сызбасын жасауға ел азаматтары атсалысыпты. Отырыс қорытындысы бойынша Олжас Бектенов жобаларды уақытылы жүзеге асыру, қазақстандық қамту үлесін ұлғайту бойынша жауапты министрліктерге бірқатар тапсырма берді.

Ердәулет Ыбырайұлы, Руслан Тәуірше