Оралда құрылысы аяқталмай қалған 28 нысан бар. Кешенді зерттеу кезінде кейбір тұрғын үй мен қараусыз ғимараттардың құрылысы қайта жанданды. Ал бір бөлігін тиімді пайдалану жолдары қарастырылып жатыр. Қаңырап тұрған ғимараттарды ретке келтіру үшін қандай шаралар жасалады?Оралда құрылысы орта жолда тоқтап қалған бұл нысан полиция департаментінің дәл іргесінде орналасқан. Ұзақ жыл бойы қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтіріп тұрған ғимараттың құрылысы араға 15 жыл салып қайта жанданды. Техникалық сараптама жүргізілгеннен кейін нысанды аяқтау жұмыстары жаңа құрылыс компаниясына тапсырылды.
Жеңіс Ысмағұлов, жобалау-техникалық бөлімінің басшысы:
- Құрылысты қайта бастамас бұрын нысанға техникалық сараптама жүргізілді. Оның қорытындысына сәйкес, темірбетон конструкцияларының жай-күйі қанағаттанарлық деп танылып, құрылысты жалғастыруға рұқсат берілді. Жоспар бойынша тоғызқабатты үй 2027 жылдың ортасында тапсырылады.
Бұл облыс орталығында шешімін тауып жатқан жалғыз нысан емес. Құрылысы көптен бері тоқтап қалған өзге де ғимараттарға қатысты жұмыстар жалғасын табуда. Мысалы, 10 шағынауданда алты жыл бойы тоқтап тұрған көпқабатты үйдің құрылысы қайта қолға алынбақ. Ал ең күрделі нысан Черекаев көшесінде орналасқан. Бұл жерде құрылыс жүргізген компания банкрот деп танылған. Қазір атқарушы билік нысанның тағдырын айқындайтын сот шешімін күтіп отыр.
Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:
- Аталған нысан бойынша арнайы жол картасы әзірленді. Себебі құрылысқа қаржы салған үлескерлердің арасында осы аумақта апатты деп танылып, сүрілген үйлердің тұрғындары да бар. Қазіргі уақытта апелляциялық сот алқасының шешімін күтіп отырмыз. Сот шешімі заңды күшіне еніп, қолымызға тигеннен кейін құрылыс жұмыстары қайта жалғасады.
Бұдан бөлек, қараусыз қалған бос ғимараттарды қайта пайдалану мәселесі де күн тәртібінде. Осыған орай бұрынғы типография ғимаратына жаңа тыныс беріледі. Жобаға сәйкес, оның орнына медициналық орталық салынады.
Әлібек Антазиев, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысы:
- Мониторинг барысында қалада құрылысы аяқталмай қалған және қараусыз тұрған 28 нысан анықталды. 25 ғимарат бойынша мәселе оң шешімін тапты. Қалғанына қатысты жұмыстар жалғасып жатыр. Мысалы, типография ғимаратын медициналық кластерге айналдыру жөнінде жекеменшік иесімен келісім жасалды. Ал бұрынғы «Омега» ғимаратын бұзу жағын қарастырып жатырмыз.
Орталық даңғыл бойындағы ғимараттың тағдырын сот шешеді. Егер нысан жекеменшікте қалса, ғимаратты қаланың дизайн-кодына сәйкестендіріп, талапқа сай ретке келтіру міндеттеледі.
Қарлығаш Қасиетова, Альбина Құмарғалиева Қалыбек Ақрап, Эльдар Аюпов