Биыл электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді

  • 8
  • 27.07.2026, 19:36

Үкімет ел өңірлерінің климаттық ерекшеліктері мен логистика жағдайын ескеріп, жылыту маусымына дайындықты пысықтап жатыр. Тек электр стансаларын жөндеуге 384 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі уақытта тәуекелдің «қызыл» аймағында 5 жылу энергетикалық нысан болса, жыл соңында жабдықтардың тозу деңгейін 52 пайызға дейін төмендету көзделген. Ал тұрғындар мен коммуналдық сала қажеттілігі үшін жаңа маусымға шамамен 7,3 млн тонна көмір керек.

Бүгінде энергия көздерінің қоймаларында 3,5 млн тонна қатты отын жиналған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға көп. Сонымен қатар 143 мың тонна мазут қоры дайындалған. Сондай-ақ жанармай жеткізу мәселелерін болдырмау үшін бірқатар шара қарастырып отыр. Оның аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 18,3 мың ашық вагон бөлді.

Жеткізу жұмыстары белгіленген кесте бойынша жүреді. 15-ші тамыздан бастап республикалық штаб әкімдіктермен әрі көмір таратушылармен бірлесіп, жергілікті жерлерде бағаның тұрақтығын қамтамасыз ететін болады. Тапшылықты қолдан болдырмау үшін де тиісті шаралар іске асырылды. Атап айтса, бақылауды күшейту үшін цифрлық шешімдер енгізіледі. Сондай-ақ аязды мезгілде мемлекет отын қорларын тұрақты түрде алдын ала көбейтеді.

Жылыту маусымына дайындық елдің солтүстік және шығыс өңірлері мен оңтүстік және батыс бөліктеріндегі қыстың ұзақтығына байланысты жүргізіледі.