Балқашта мыс зауыты салынады

  • 6
  • 30.07.2026, 19:33

Балқаш қаласында жаңа мыс қорыту зауыты салынады. Өндіріс орнының құрылысы келер жылы басталып, 2030-да аяқталатын болады. Бұл ірі жобаға 750 миллиард теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Кәсіпорын іске қосылғанда 1 мың 200 адам жұмыспен қамтылады.

Үкімет жобаны іске асыратын серіктестік пен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арасындағы келісімді мақұлдады. Қосылған құны жоғары өнімнің экспорты жылына 760 мың тоннаға дейін өседі. Сонымен қатар өндіріс заманауи технологиялармен жабдықталатын болады.

Азамат Панбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы:

- Жобаны іске қосу 300 мың тонна мыс өндіруге, одан бөлек 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 миллион тонна күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік беретін болады. Өз кезегінде инвесторға да қосымша талаптар Үкімет тарапынан белгіленген. Бұл талаптар тұрақты 1  200 жұмыс орнын құру ғана емес, одан бөлек әлеуметтік нысандарға қаржы бөлу, жаңа технологияларды енгізу, студенттердің Қарағанды облысында білім алуына жағдай жасау және де кәсіподақтарға жыл сайын қаражат бөлу болып табылады.

Қызылордада жаңа емхана бой көтереді

Сондай-ақ Үкімет елге қайтарылған активтер есебінен Қызылордада емхана салу үшін 6,5 млрд теңге бөлді. Медициналық нысан қаладағы теміржолдың арғы бетіндегі тұрғындар үшін салынып жатыр. Жаңа мекеме пайдалануға берілгеннен кейін бір ауысымда 400-ге жуық науқасты қабылдай алады. Емхана заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.