Ақтауда құстарды оңалту орталығы ашылды

  • 8
  • 30.07.2026, 19:40

Көктем мен күзде Маңғыстау облысының аумағынан күніне мыңнан аса жыл құсы ұшып өтеді. Сондықтан осы өңірде Қызыл кітапқа енген құстарды оңалтатын орталық ашылды. Мұнда жараланған құстарды арнайы мамандар емдеп, сауыққан соң табиғи мекеніне жібереді. Қазір орталықта 6 құс күтімге алынған.

Қызыл кітапқа енген қарақұс Ақшұқыр ауылындағы оңалту орталығына аса ауыр хәлде жеткізілді. Жетібай кен орнынан табылған қыранның қанаты сынып, мұнай өнімдеріне әбден малшынған екен. Дер кезінде көмек көрсеткен мамандар қазір оны операцияға дайындап жатыр. 

Алина Шарипова, ветеринар:

- Қарақұстың алдыңғы қатардағы ұшу қауырсындары зақымданған. Сондықтан түлеу кезеңінің аяқталуын күтуіміз керек. Қауырсындары толық жаңарғаннан кейін ғана оны табиғатқа қайта жіберуге болады. Қазір өңірде аптап ыстық болғандықтан, орталыққа көбіне қатты шөлдеп, әлсіреген құстар жеткізіледі. Сондай-ақ түрлі жарақат алған қанаттылар да жиі түседі. 

Бұл -  жабайы құстарға арналған өңірдегі жалғыз мамандандырылған оңалту орталығы. Қанаттыларды қорғайтын игі бастамаға экологтар және қоғам белсенділері және мемлекеттік мекеме қызметкерлері ұйытқы болды.  

Меруерт Лыткина, қоғамдық қордың жетекшісі:

- Жоба Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен іске қосылды. Мұны ашуға тұрғындардың жарақат алған құстарды тауып, жиі көмек сұрап хабарласа бастағаны себеп болды. Олардың басым бөлігі Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін құстар. 

Жазира Әділбек, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- 2026 жылдан бастап жабайы және Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін құстарды қорғау және оңалту іс-шараларын жүргізуге арналған мемлекеттік грант іске қосылды. Биыл – осы жобаның алғашқы жылы. Алдағы уақытта бұл жобаны бірнеше жыл бойы жүзеге асырамыз деген үміт бар. Жобаны бірнеше жыл қатарынан жүзеге асыру арқылы құстардың қандай себептерден жарақат алатынын, оған қандай факторлардың әсер ететінін және өлім-жітім жағдайларының неліктен болатынын жан-жақты талдаймыз. Жиналған материалдарды болашақтағы жоспарларымызды әзірлеу барысында пайдаланатын боламыз.

Жұмысын бастаған алғашқы айдың өзінде орталыққа қарақұс, күйкентай, сынды Қызыл кітапқа енген бірнеше құс әкелінді. Қанаттыларға екінші өмір сыйлайтын жоба қараша айына дейін жалғасады.

Шыңғыс Қалиден, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев