Қарағанды облысында жұмыссыздар жаңа мамандық игеріп жатыр

  • 7
  • 06.08.2026, 19:58

Жыл басынан бері облыстағы мансап орталықтары 340 адамды кәсіптік оқуға жолдаған. Олар оқып қана қоймай жұмысқа да орналасады.

Қарағанды облысында қысқамерзімді кәсіптік курстарға сұраныс артып келеді. Жұмыссыз тұрғындар мансап орталықтары арқылы жаңа мамандық меңгеруде. Солардың бірі – қарағандылық Денис Архипов. Дәнекерлеуші жол апатына түскеннен кейін, бұрынғы жұмысын жалғастыра алмаған. Сондықтан веб-шебері мамандығын меңгеріп жатыр. Қазір төрт айлық тегін курста оқып жүр. Оқу аяқталған соң тұрақты жұмысқа орналасады.

Денис Архипов, қала тұрғыны:

- Жұмыссыз отырғандықтан мансап орталығына келдім. Мұндағы мамандар барлығын жан-жақты түсіндіріп берді. Өзіме қызық болып жатыр. Қазір ноутбукпен көп жұмыс істеймін. Енді осы білімімнің арқасында табыс тауып, еңбек еткім келеді.

Жыл басынан бері облыста 340 адам қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына жолданды. Жалпы биыл өңірде 535 тұрғын жаңа мамандық меңгереді. Оқу бір айдан алты айға дейін колледждер мен кәсіпорындар базасында ұйымдастырылады. Бағдарламаның басты ерекшелігі курс аяқталған соң қатысушыларға жұмыс ұсынылады. Қазір өңірде дәнекерлеуші, аспаз, жүргізуші, тракторшы және веб-шебер мамандарына сұраныс жоғары.

Дәурен Қошқаралиев, облыстық Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары:

- Биыл қайта даярлау курстарына сұраныс жоғары. Көптеген тұрғын жаңа мамандық игергісі келеді. Ең бастысы азаматтың ниеті болуы керек. Жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін өзі қалаған оқу орталығын таңдап, тегін білім ала алады.

Бағдарламаға қатысу үшін азамат жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Өтінішті Enbek.kz порталына немесе мансап орталығына беруге болады. Бүгінде Қарағанды облысында 13 мансап орталығы жұмыс істейді. Мұнда азаматтарға жаңа мамандық меңгеріп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасалған.

Мерей Бает, Лиана Жамлиханова