Ақтөбеде болашақ әскери ұшқыштарды іріктеу жүріп жатыр

  • 7
  • 13.08.2026, 19:53

Ақтөбеде әскери ұшқыштарды даярлайтын институтқа 500-ден астам талапкер құжат тапсырған. Қазір әуе қорғаныс күштерінің әскери институтында үміткерлерді қабылдау жүріп жатыр. Болашақ курсанттар бірнеше сынақ тапсыруы тиіс.

Талапкерлер «Айбын» әуе айлағында емтихан тапсырады. Әскери институттың жаттығу алаңына ұшып-қонып жүрген тікұшақтар болашақ ұшқыштардың ынтасын арттырып, арманға жетелей түседі. Бірақ кешегі мектеп түлектері курсант атануы үшін бірнеше сынақтан мүдірмей өтуі тиіс.

Асылбек Қоханов, Т. Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институты баспасөз қызметінің бастығы:

-Сынақтар негізінде бірнеше этаптан тұрады. Бірінші этап психологиялық тест болса, екінші этап - екінші медициналық тексерістерден өтеді дәрігердерден. Үшінші этап міне өзіңіз көргендей дене дайындықтарына нормативтер сынақтарын тапсырады. Осы жылы енді 200-ден аса курсантты қабылдаймыз деген жоспар бар.

Әскери институтқа түсуге 525 талапкер құжат тапсырған. Елдің барлық өңірінен келген түлектер бақ сынап жатыр. Сонымен қатар Отан алдында борышын өтеп қайтқан 20 сарбазға мемлекеттік грант беріліп, олар тегін білім алады.

Миржан Сұлтанов, талапкер:

--Осы институтқа мен 0111 Президенттік полк, «Батыр» әскери бөлімінде борышымды өтеп, «Срочник 2,0» бағдарламасы бойынша грант иегері атандым. Осы әскери ғұмырды армия кезінде көрдім. Ондай қиындықтар туындап жатқан жоқ. Барлығы сол өз борышымды өтеп жатқан кездегідей болып жатыр.

Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтында қос дипломды оқыту жүйесі бар. Мысалы, болашақ әскери дәрігерлер Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде де оқиды. Сондықтан соңғы жылдары әскери қызметке қызығушылық танытқан қыздар қатары артып келеді.

Ақгүл Рақымжан, талапкер:

-«Жас Сарбаз» қозғалысының жыл сайын өткізілетін республикалық, халықаралық деңгейде өткізілетін «Айбын» әскери-патриоттық қолданбалы жастар жиыны осы бір мамандыққа түсуіме, осы мамандықты таңдауыма өзінің септігін тигізді. Ел адында әскери тізгінді ұстайтын төзімді, білікті мамандардың деңгейі қажет. Сол үшін осы мамандықты таңдадым. Ақхалатты абзал жанның біріне айналып, Отан үшін қызмет еткім келеді.

Қос дипломды білім беру жүйесі бойынша болашақ әскери-теңіз күштерінің офицерлері де оқиды. Жалпы ұшқыштар мен борт-инженерлерді жарты ғасырдан астам даярлап келе жатқан институтта 8 мамандық бар, 16 біліктілік бойынша іріктеу жүргізіледі.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов