Түркістан облысында халықаралық көлік дәлізі іске қосылды

  • 8
  • 26.08.2026, 19:47

Түркістан облысында халықаралық маңызы бар автомобиль жолы пайдалануға берілді. Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын М-39 «Ташкент –Термез» халықаралық көлік дәлізінің 24 шақырымы Мақтаарал ауданы арқылы өтеді. Құрылыс жұмыстары 2 жылға ұласты. 400 мың шаршы метр асфальт төселіп, 6 көпір қалыпқа келтірілді.

Жоба құны 3 млрд теңге. Мамандар жаңартылған 1-ші санаттағы төрт жолақты автожол екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, халықаралық транзиттік дәліз ретінде маңызды рөл атқаратынын айтады. Себебі автожолмен тәулігіне 20 мыңдай көлік қатынайды. Жол бойына аялдамалар, заманауи жол белгілері, жарықтандыру жүйесі мен қоршаулар орнатылған. 

Серік Тұрсынқұлов, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұның барлығы тұрғындар мен жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптастыруға бағытталған нақты жұмыстар. Жаңартылған көлік дәлізі «Целинный» және «Сырдария» шекара өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін арттырып, ауданның транзиттік мүмкіндігін одан әрі кеңейтуге серпін береді. Бұл өз кезеігнде сауда-экономикалық байланыстардың дамуына, жүк тасымалының артуына және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал ететіні сөзсіз.