Ақмола облысында миллион тоннадан астам шөп жиналды

  • 6
  • 14.09.2026, 18:42

Ақмола облысының шаруалары 1 миллион тоннадан астам шөп жинады. «Бұл өңірдегі малдың қыстан қоңды шығуына жетеді», - дейді мамандар. Жем-шөп жинау науқаны жалғасып жатыр. Биыл жазда күн райы қолайлы, шөп шүйгін болды. Бұл мал азығының бағасына қаншалықты әсер етеді?

Атбасар ауданындағы мына шаруашылықта мың бас мал бар. Қыстан қысылмай шығару үшін мың жарым тонна шөп қажет. Биыл шөп шүйгін шығып, шаруашылық иелері азықты молынан дайындаған. 

Олег Дашевский, шаруа қожалығының қызметкері:

- Біз биыл 2 мың 300 тонна шөп жинадық. Бұл бізге алдағы екі жылға жетеді. Өйткені бізде әлі 2024-2025 жылдары жиналған мың жарым тонна қорымыз бар. Алдымен төрт түлікке сол азықты береміз. Даладағы барлық шөпті уақытында әкеліп алдық. Енді жем дайындауға кірісеміз. 

Биыл жаздағы күннің ыстығы шөптің шығымына ерекше әсер еткен. Ауыл тұрғындары: «Шөп көп болған соң баға да өскен жоқ», - деп қуанып отыр. Мәселен, бір орама шөп бағасы шамамен 10-12 мың теңге. 

Болат Шәйменов, Айдарлы ауылының тұрғыны:

- Биыл 20 түк шөп алдым. Бағасы былтырғыдай. Енді тағы сабан аламын. Нормальный баға деп ойлаймын. Енді аман-есен қыстан шығуға жазсын.

Өңірдегі төрт түліктің саны 1 млн 200 мыңнан асады. Оған 1,4 млн тонна шөп қажет. Қазір облыс бойынша мал азығының 90 пайызы әзірленген. Жалпы аймақтағы асылтұқымды мал ұстайтын қожалықтарға жем-шөп жинауда мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.

Нұрбек Бадырақов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Мал азығына байланысты да қолдаулар көрсетіледі. Мал асылдандырылған жағдайда, алынған төлге байланысты 10 мың және 5 мың теңге көлемінде азықтық шығындарын азайтуға қаржы қарастырылады. Бұдан бөлек, сүт өндіру бағытында да сүт-тауарлы фермаларына өндірілген сүттің шығынын азайту мақсатында литріне шаққанда 50 теңгеден, 15 теңгеден әр малдың басына байланысты мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп отыр.

Өңірде мал азығын жинауға мың жарымға жуық техника жұмылдырылды. Қазір шаруалар сабан және сүрлем дайындау науқанын аяқтап қалды. «Өйткені қысы қатты аймақта жем-шөптің көптік етпесі анық», - дейді олар.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко