Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары күшейіп келеді

  • 91
  • 01.10.2026, 18:48

Биыл мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 16 мың 706 квота бөлінді. Нәтижесінде жарты жылда алты мыңнан астам азамат еңбекпен қамтылған. Бұған қоса, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылып келеді.

Жүзбай Серік, көзі нашар көретіндігіне қарамастан, белсенді өмір сүру салтын ұстанады. Зағип жандарға қолдау көрсетуді парызым деп санайды. Олардың тұрмысын түзетуге көмектесуден өзге, спорт пен өнерге баулып келеді. Инклюзив театрының негізін қалаған. Қазір өнер ұжымында 25 адам бар.

Жүзбай Серік, «Көзімнің қарасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Қоғамдық бірлестік құрудың мақсатым барлық санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандарға армандарын орындау, мақсаттарына жету және жұмыспен қамту. Ерекше жандар оқшауланып үйде отырып қалады. Оны отырғызбай, оған мүмкіндік беріп, қоғамға, ортаға шығару бағытында жұмыс істеп келе жатырмыз.

Ақнұр Серік, бірлестік мүшесі:

- Бұл мен үшін бір сәт жаңа ұмтылыс, жаңа сәт болды. Мен өзімді түрлі жерлерден көргенімді қалаймын. Бір жерде тоқтап қалған ұнамайды маған. Осы театрға келіп, өзімді жаңадан көрсетіп жатырмын. Әлде де толыққанды рөлде ойнағым келеді. Осы театрымыз дамып, үлкен-үлкен белестерді бағындырсақ деп ойлаймын.

Бұл бірлестікке мемлекет тарапынан да, түрлі ұйымдардан да көмек аз емес. Сондай қолдау шаралары нәтижесінде зағип және көзі нашар көретін жандарға арналған қажетті жабдықтар алынған. 

Жүзбай Серік, «Көзімнің қарасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Бізде мысалға такси, қазір бір жерге барам десем айына 60 пайыз тегін беріп қойған. Және де кеше ғана маған ноутбук берді, телефон берді. Ол да Үкіметтің қолдауы. Және де пенсиямыз бар, жеке көмекшіміз бар. Ол көмекшіге де жалақы беріп жатыр.

Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Елде ерекше қажеттілігі бар жандарды қолдау тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жәрдемақы мен зейнетақы, медициналық көмек және өзге де қолдау жүйесі – осы бағыттағы тетіктердің бірі. Мүгедектігі бар азаматтарға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, оңалту және олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шаралар кешені көзделген.

Индира Сейтбек, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшысы:

- Мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталында қажетті оңалтудың техникалық құралдарын өз бетінше таңдауға құқылы. Олардың ішінде кресло-арбалар, ортопедиялық құралдар, есту аппараттары, тифлотехникалық құралдар, протездік-ортопедиялық бұйымдар және басқа да оңалту құралдары бар. Белгіленген көрсетілімдер мен қажеттіліктерге сәйкес жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтері, сондай-ақ санаторийлік-курорттық емдеу ұсынылады.

Айта кетейік, бұған дейін тиісті заңнамаға есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыны ақысыз беру туралы өзгерістер енгізу қажеттігі айтылған еді. Ондай аппараттар шетелде шығарылады. Президент тапсырмасына сәйкес, Үкімет тез арада отандық өндірісті жолға қоюы керек.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болотбек Табалдиев.