Қазірдің өзінде 2,5 мыңнан аса адам орталықта мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойған.
Тарас Леоненко Қоңыртөбе ауылында дүниеге келген. Украин ұлтының өкілі бала кезінен қазақша еркін сайрап жүр. Бұған ата-анасының оны қазақ мектебіне беруі себеп. Қазір мектеп директоры болып ұжымды ұйыршықтай иіріп, абыроймен басқарып отыр. Тарас қазақ қызына үйленген. Төрт баласы да мемлекеттік тілді жетік біледі.
Тарас Леоненко, мектеп директоры:
- Біздің ауылда әртүрлі өзге ұлт өкілдері бар. Мысалы, украин, орыстар, шешендер, ингуштар. Барлығымыз бір үйдің баласындай өстік қой. Сол өзге ұлт өкілдері біздің ауылдағы көбісі мемлекеттік тілде еркін сөйлей береді. Мемлекеттік тілде сөйлеу – міндет емес, бірақ мемлекеттік тілге деген құрмет деп ойлаймын.
Аймақта қазақ тілін үйренем деушілерге барлық жағдай жасалған. Тілдерді дамыту орталығында 2,5 ай ішінде мемлекеттік тілді толық меңгеріп шығуға болады. Курстар тегін өтеді. Облыс бойынша тілді 43 маман оқытады.
Перизат Маханова, тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары:
- 2026 жылы 4273 адамды курстан өткізу бекітілген. Қазіргі таңда 3 мыңға жуық тыңдаушы оқып жатыр. Оның 2700-і қазақ тілі курсына қамтылса, 258-і ағылшын тілін оқып жатыр. Қазақ тілін оқып жатқан 2700 адамның 85 проценті – өзге этнос өкілдері.
Мария Веймер, қала тұрғыны:
- Мен үшін бұл сабақтар өте маңызды. Қазақстанда қазақ тілін білу - парыз. Өзім туризм саласында істейтіндіктен қазақша әдемі сөйлеуге тырысамын. Екінші сабағыма қатыстым. Бәрін біртіндеп үйреніп жатырмыз.
Тілдерді оқыту орталығында әр сала мамандарына арналған қысқамерзімді курстар да бар. Мұнда 15 күн ішінде базалық білімді қалыптастыруға болады.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә