Елде газдандыру деңгейі 80 пайызға жетеді. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді. Ол үшін ведомство магистральдық газ тасымалдау инфрақұрылымы мен өңірлік желілерді кешенді дамытпақ. Қазір Қазақстан бойынша газбен қамту деңгейі 64 пайыздан асты. Министрлік мәлімдеген 80 пайыздық межеге қашан жетеміз?
Түркістан – газдандыру қарқынды жүргізіліп жатқан өңірдің бірі. Мәселен, қазір Кентау қаласына қарасты ауылдарда көше бойымен құбыр тартылып жатыр. Жылдар бойы көмір тасып, күл шығарудың машақатынан әбден мезі болған тұрғындар үшін бұл жақсы жаңалық. Жоспар бойынша облыста биыл жыл соңына дейін 34 елді мекен көгілдір отынға қосылады. Қалған 39 нысанның жұмысы 2027 жылы іске асырылады.
Днепр Құлметов, Қарнақ ауылының тұрғыны:
- Біздің отбасымызға бір жылда 6 тонна көмір кетеді. Ал енді Қарнақ ауылының армандары орындалып жатыр. Көгілдір отын келсе, халқымыздың бейнеті жеңілдейді, көңілі көтеріледі.
Роза Сариева, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Жалпы облыста 3 аудан, Түркістан қаласы газбен қамтылған. Әрі қарай газдандыруды 90,3 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қазіргі кезде құрылыс жүргізілуде, жоспарлануда.
2023 жылы халықтың 60%-ы газбен қамтылды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 62,4%, ал 2025 жылы 64,2%-ға жетті. 2035 жылға қарай газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
2035 жылы халықтың 80% газбен қамтылады
Ильяс Сағатұлы, ҚР Энергетика министрлігінің басқарма басшысы:
- Алдағы жылдары газ тапшылығын болдырмау үшін отандық ресурстық базаны кеңейту бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта QazaqGaz компаниясының Анабай және Барханная кен орындары пайдалануға берілді. Придорожное, Батыс Прорва және Урихтау Орталық кен орындарын 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Президент өз Жолдауында Үкіметке көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыруды тапсырған болатын. Сол бағыттағы жұмыстың бірі - биыл Атырау облысында жылдық қуаты 1 млрд текше метр газ өңдеу кәсіпорыны пайдалануға беріледі. Келер жылы Маңғыстауда, ал 2032 жылы Батыс Қазақстан облысында жаңа зауыт іске қосылады. Бұл жобалар ішкі нарықты қосымша тауарлық газбен қамтамасыз етуге және елдің өз ресурстық базасын ұлғайтуға бағытталған. Олардың жиынтық қуаты 6 млрд текше метрге дейін жетеді.
Ердәулет Ыбырайұлы