Республика күні Республика күні

«Таза Қазақстан»: 192 мың гектар аумақ тазартылды

  • 0
  • 22.10.2026, 18:38

Елімізде экологияны сауықтыру шаралары 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылып келеді. «Таза аймақ», «Таза өлке», «Тазару күні», «Жасыл аула» сынды түрлі акциялар жалпыхалықтық деңгейде қолдау тапты. Бүгінге дейін 192 мың гектар аумақ тазартылып, 1,2 млн тонна қалдық шығарылды, 1 миллион 400 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Табиғатты қорғау мақсатында тағы қандай бастамалар қолға алынды?

Құралай Жұмахан, тілші:

-Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы бүгінде жалпыхалықтық қолдауға ие болды. Бұл – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға, табиғатқа қамқорлық көрсетуге, қоғамды жауапкершілікке тәр­бие­леуге бағытталған маңызды қадам. Биыл жыл басынан бері 753 экологиялық іс-шара өткізіліп, 8 миллионнан астам адам қатысты. 

Мейіржан Айтжанов, ҚР ЭТРМ экологиялық саясат және мәдениет департаментінің сарапшысы:

-«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын ілгерілету аясында 223 оқиғалық іс-шара өткізілді. Жылдық жоспардың орындалуы – 61,3%. 2026 жылдың соңына дейін 141 іс-шараны жүзеге асыру көзделіп отыр. «Жасыл балабақша» жобасы аясында 295 экологиялық бағыттағы мектепке дейінгі ұйым құрылды. Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие беру бағдарламасы бойынша 1 748 педагог оқудан өтті. 

Сонымен қатар өңірлерде аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру шаралары ұйымдастырылды. Жалпы алғанда 38 мыңнан астам ағаш пен бұта егілді. Осынау жұмыстардың артында еңбек адамдары тұрғанын да естен шығармаған жөн. Мәселен, бір ғана Астана қаласының өзінде бір тәулікте бас шаһардың көшелерін сыпыруға 2 мыңға жуық адам жұмылдырылады. Ал қыстыгүні жұмысшылардың қатары 3 мыңнан асып кетеді. Солардың бірі – 14 жыл бойы қала тазалығын қамтасыз етіп келе жатқан Гүлнәр Әшірбекова. 

Гүлнәр Әшірбекова, қолмен жинау жөніндегі шебер:

- Қыста, әсіресе, борандарда қиын. Қар тоқтамай, күнімен-түнімен жауады, сонда қиын. Аялдамаларды, жаяу жүргіншілер жолағын тазалап жатсақ, қар қайтадан жауып жатады, сонда да кісілердің жағдайын жасаймыз.  

Ержан Пашанов, «Астана Тазалық» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі бірінші орынбасары:

-«Астана-Тазалық» мекемесі қала бойынша 5 ауданда қызмет жасайды. Сол 5 ауданда 18 сыпыру маршруты ұйымдастырылған. Әрқайсына 8 техникадан. Сонымен қатар жол жұмысшыларынан жасақталған 27 бригада бар. Негізгі көп жұмыс бізде түн мезгілінде атқарылады. Қар шығару, оның ішінде көшелерді тазарту, жаяу жол жүргіншілерін тазарту. 

Елімізде қала тазалығына қатысты тұрғындар өтініші цифрлық жүйе арқылы қабылданады. Халықпен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында TazaQazBot телеграм-чаты жұмыс істейді. Ол арқылы азаматтар елді мекендердің санитарлық жағдайы мен абаттандырылу мәселелері бойынша өтініштер жолдай алады. Бүгінде TazaQazBot арқылы 59,6 мың өтінім түскен. 

Жұлдыз Мырзабекова, ҚР ЭТРМ экологиялық мәдениет және саясат департаментінің бас сарапшысы:

-Биылғы жылы 19 қыркүйекте еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Дүниежүзілік тазалық күні экологиялық акциясы өтті. Оған 513 мыңнан астам адам қатысты. Шараларға мектеп оқушылары мен студенттер, кәсіпорындар, қоғамдық бірлестіктер және өңір тұрғындары да қосылды. Осыдан-ақ «Таза Қазақстан» жобасының ауқымын көруге болады.

Құралай Жұмахан, тілші:

-Жобаны ағаш егу немесе қоқыс жинаумен ғана байланыстырмай, оны өмір салты, мәдениет пен заманауи әдетке айналдырғанымыз жөн. Себебі қоршаған орта тазалығы адамның ішкі тазалығынан бастау алады. Демек, таза қала таза санадан басталатынын ұмытпағанымыз жөн!

Авторлары: Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов