Жаңа Конституцияда адамның негізгі құқықтарын қорғауға басымдық берілген. Мысалы, өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесі» бекітілген.
Жаңа Ата заңда адам құқықтары, ар-ожданы, құндылығы кең зерделенген. Айта кетейік, 28-баптың 1-тармағында «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды» деп жазылған. Сондай-ақ, 8-баптың 3-тармағында «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деген бөлімдері бар. Яғни біздің жер де, қазба байлық та халыққа тиесілі, ал мемлекет тек соны үйлестіріп, жүзеге асыратын оперативті орган деген сөз. Сонымен қатар құжат сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мәселелерін қамтиды.
Құралай Сәрсембина, т.ғ.к., Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты филиалының директоры:
-Әлемдік деңгейдегі білім жүйесінде біз көш ілгері кетіп бара жатырмыз. Алдыңғы қатарлы шетелдік университеттердің филиалдары ашылуда. Онда біздің қазақстандық жастар білім алуда. «Болашақ» бағдарламасы бар арнайы. Жастарға алаңсыз білім алуға жағдай жасалуда. Осы мүмкіндіктерді жастар пайдаланып, білім-ғылым арқылы елімізді дамытуға қомақты үлес қосулары тиіс.
Тағы бір өзгеріс, 25 тамыздан бастап алимент жаңа тәртіппен төленіп келеді. Қаражат арнайы банк шотына аударылады. Мақсат – ақшаны тек балаға немесе еңбекке қабілетсіз адамды асырауға жұмсау.
Әсия Құрманқұлова, ҚР ЕХӘҚМ әлеуметтік қызмет департаменті директорының орынбасары:
- Әлеуметтік қорғау саласы әмбебап және мақсатты мемлекеттік қолдау түрлерін қамтиды. Ана мен баланы қолдауға қатысты айтарым, балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер қарастырылған. Баланы дүниеге әкелуге байланысты жәрдемақылар, үш жасқа дейінгі балаларға күтім жасау бойынша жәрдемақылар және он сегіз айға дейінгі балаларға күтім жасау бойынша жәрдемақылар бар. Сондай-ақ біздің елде аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіліп келеді.
Жаңа Ата заңда адамның өмір сүру құқығы абсолютті құндылық ретінде қорғалып, жеке бас бостандығына заңсыз қол сұғуға жол берілмейтіні нақты айқындалды. Азаматтарды негізсіз қамауға алу, заңсыз шектеу немесе қысым көрсету әрекеттеріне тосқауыл қоятын құқықтық тетіктер күшейтілді.
Авторлары: Алуа Маханбет, Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов