Заң үстемдігі – әділетті қоғам құруға және азаматтарымыздың берекелі өмірін қамтамасыз етуге апаратын төте жол. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатына басымдық беріп келеді. Ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келетін бұл ұстаным жаңа Конституциямызда да көрініс тапты.
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының басты міндеті. Биылғы тоғыз айда елдегі қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Атап айтқанда, көшелер мен қоғамдық орындарда, отбасылық-тұрмыстық салада және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар азайған. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 11 мыңнан астамға кеміген.
Құқық бұзушылықтың алдын алуда цифрлық технологиялардың да маңызы артып келеді. Бейнебақылау жүйелері арқылы 2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған.
Шұғыла Тұрлыбек, ҚР ІІМ баспасөз хатшысы:
-Өңірлерде де қылмыс деңгейінің төмендеуі тіркелді. Қоғамдық тәртіп нығайтылып, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидаты күшейтілуде. Атап айтқанда, Қарағанды облысында қылмыстар саны 39 пайызға, Павлодар облысында 24 пайызға, Атырау облысында 20 пайызға азайды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту шараларының нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 5 пайызға азайған. Ал жол апатынан қаза тапқандар саны 16 пайызға, жарақат алғандар саны 7 пайызға төмендеген.
Интернет-алаяқтыққа қарсы күрес те күшейтілген. Жыл басынан бері 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайт бұғатталып, 187 миллион алаяқтық қоңыраудың жолы кесілген.
Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ департаментінің бастығы:
– Біз Чехия полициясымен бірлесіп, Қазақстан азаматтарының дербес деректерін таратқан халықаралық арнаны жою бойынша сәтті арнайы операция жүргіздік. Аталған іс бойынша Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында алты фигуранттың тұрғылықты мекенжайы бойынша тінту іс-шаралары жүргізілді. Олардың барлығы – Қазақстан азаматтары. Қылмыстық схеманың үш тікелей ұйымдастырушысы ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Заң үстемдігін қамтамасыз етуде прокуратура органдарының қызметі де маңызды. Әлеуметтік-экономикалық салада 413 мың азаматтың конституциялық құқықтары қалпына келтірілген. Еңбекақы бойынша 2,5 миллиард теңге, алимент бойынша 7,9 миллиард теңге берешек өндірілген.Елге жалпы сомасы 1,3 триллион теңге болатын активтер қайтарылған. Осы қаражат есебінен 466 әлеуметтік инфрақұрылым нысанының құрылысы мен реконструкциясы қаржыландырылып, оның 378-і аяқталған.Бұл көрсеткіштер «Заң мен тәртіп» қағидатының нақты істер арқылы жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы