Қоғамдық орындардағы қылмыс 22%-ға, көшедегі қылмыс 20%-ға қысқарды. Азаматтарды интернет-алаяқтардан қорғау мақсатында «Антиколл-орталық» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында 1,6 млн-нан астам жалған қоңыраудың жолы кесіліп, жалпы сомасы 389 млн теңге болатын 766 несиенің рәсімделуіне жол берілмеді. Бұл туралы «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды. Оқу-ағарту министрінің мәліметінше, әсіресе жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерден қорғайтын «Саналы ұрпақ» және «Тәлімгер» жобалары қолға алынған. Бүгінде 500 мектеп пен колледжде прокуратура және полиция органдарының ардагерлері шәкірттерге тәлімгерлік етеді. Соңғы 9 айда психологиялық қолдау орталықтары 17 мыңға жуық бала мен 9 мың ата-анаға консультациялық және психологиялық көмек көрсетіпті. Мұнымен қоса, жасөспірімдер арасындағы 1,5 мыңнан астам қылмыстың жолы кесілді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Президент үнемі айтады, нағыз патриот – тәртіпті сақтайтын, табиғатты аялайтын, еңбекқор, білімді азамат. Осындай құндылықтарды насихаттауымыз, ілгерілетуіміз керек. Тәртіп болмаса, елімізде экономикалық, әлеуметтік, саяси басқа мақасаттарға қол жеткізу мүмкін емес.