Соңғы жеті жылда 3 жарым млн Қазақстандық табиғи газға қол жеткізді. Әлбетте бұл игіліктің артында ауқымды жұмыстар, миллиардтаған теңге инвестициялар тұр. Ел аумағының 64 пайызы көгілдір отынмен қамтылып, еліміздің энергетикалық картасы өзгерді. Бірақ бөрікті аспанға атуға әлі ерте. Солтүстік аймақтардағы тұрғындар үшін табиғи газдың исі мұрындарына барған жоқ. Енді осы мәселені шешу үшін Энергетика министрлігі үлкен жұмысты бастады.
Жүздеген техника мен мыңдаған адамның жеті жыл бойғы толассыз жұмысының нәтижесі сол, мыңдаған шақырым желілер жер бауырлап өңірлерге жол тартты. Елдің энергетикалық картасы өзгерді. Соңғы 7 жылда газдандыруға «Қазына» мен «Самрұқтан» 612 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 821 ден астам жоба іске асырылды. Нәтижесінде 31 мың шақырымнан астам газ желілері салынды. Елдегі газдандыру деңгейі 51 пайыздан 64 пайызға дейін өсті.
Алтынай Әлімқұлова, ҚР ЭМ газдандыру және газ жобалары басқармасының басшысы:
-Батыс өңірлерде газдандыру деңгейі өте жоғары. Ол аймақтың 90 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Орталық және оңтүстік өңірлерге келсек, газдандыру деңгейі 70 пайыздан асып отыр. Жалпы газбен қамтудың маңызын білесіздер, халықтың тұрмыстық қолайлығы, экологияның тазалығы т.б. толып жатқан артықшылықтары бар.
Мұнымен қарқын тоқтаса, кәні!? Тек былтырдың өзінде 354 мың отандасымыз көгілдір отынға қол жеткізді. Қазір тағы қырық нысан бойынша жұмыс қыз қайнауда. Мемлекеттің мақсаты тек желілерді салу ғана емес, тұрғын үй алаптары, әлеуметтік нысандар, кәсіпорын болсын қауіпсіз энергожүйені құру. Алайда елімізде көгілдір отынның исі мұрнына бармаған өңірлер бар. Ендігі міндет – осы түйткілді шешу.
- Солтүстік өңірлер газдандырылмаған. Ондағы газификация деңгейі нөл. Себебі магистральді газ құбырлары жоқ. Жалпы еліміздің аймақтарын белсенді газдандыру жұмыстары соңғы 7 жылда қарқын алып, Сарыарқа, Бейнеу-Бозой- Шымкент сияқты көгілдір отын тасымалдайтын күре жолдар салынды. Қазір министрлік солтүстік өңірлерді газдандыру бойынша қызу іске кірісті.
2035 жылға қарай Энергетика министрлігі елдің газбен қамтылу деңгейін 85 пайызға дейін жеткізбек. Ол үшін теріскейде Көкшетау, Петропал мен елордамыздың қажеттігін толық жабуы тиіс Есіл-Астана стратегиялық мегажобасы іске аспақ. Түстіктегі тұрғындар Бейнеу-Бозой-Шымкент, ал Жетісудағы жұрт Талдықорған -Үшарал желісінің игілігін қазір көруде. Алматы, Қостанай және Қарағанды облыстарында да ауқымды жобалар қолға алынып жатыр. Бұл миллиондаған адамның тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеретіні анық.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Мейірбек Бесбаев