Петропавлда халыққа қызмет көрсететін цифрлық орталық ашылды. Тұрғындар енді кезекте тұрмай-ақ қажетті құжатты өзі рәсімдеп, онлайн форматтағы қызметті пайдаланады. Ал қиындық туындаса, мамандар көмектеседі.
Тұрғындар енді мемлекеттік қызметтерді кезек күтпей, өз бетінше ала алады. Нысан бірнеше аймаққа бөлінген. Мәселен, экспресс-аймақта жеке куәлік пен паспортты ауыстыруға өтініш беруге болады.
Виталий Кирющенко, AI-кеңсе бөлімінің жетекшісі:
- Терминал тұрғындардың уақытын үнемдеп, құжат рәсімдеуді жеңілдетеді. Барлық процедура бір құрылғы арқылы жүзеге асады. Дайын құжат 15 күн ішінде беріледі.
Аснурия Абдулла, тілші:
- Сондай-ақ орталықта жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін көмекші құрылғы бар. Оның көмегімен тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап ала алады.
Ал компьютерлер мен сканерлер арқылы eGov порталының қызметтерін пайдалануға болады. Қажет болса, мамандар көмектеседі. Мұндай орталықтар еліміздің бірнеше қаласында жұмыс істеп тұр.
Арман Кенжеғалиев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы:
- Алдағы уақытта осындай кеңсе өзге өңірлерде де іске қосылады. Бүгінде осы орталықтар арқылы тұрғындарға 60 мыңға жуық қызмет көрсетілген. Сонымен қатар 1414 байланыс орталығына жасанды интеллект көмекшісі енгізілді.
Сонымен қатар цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған тегін сабақтар өтеді. Тұрғындар электронды қызметтерді пайдалануды үйренеді. Оқу аптасына екі рет ұйымдастырылады.
Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков