Ауыл-аймақтардағы кадр тапшылығы – өзекті мәселе. Бұл түйткілді шешу бастамасын Халық Кеңесінің жұмыс тобы талқылады. Қатысушылар: «Агросыныптар құру арқылы маман жетіспеушілігінің алдын алуға болады», – дейді.
Пилоттық жоба еліміздің үш өңірінде іске асып жатыр. Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. «Ал агросынып бастамасы балалардың мектеп қабырғасынан кәсіби бағдар алып, қажетті дағдыларды меңгеріп шығуына сеп», – дейді сала өкілдері. Жиында ауылдық жерлердегі көші-қонды тежеу бойынша да ұсыныстар айтылды. Инфрақұрылымды жаңғырту, еңбек адамына жағдай жасау ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыруға сеп болады.
Ләззат Шыңғысбаева, Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының орынбасары:
– Біз тек өз тәжірибемізді ғана емес, шет мемлекеттердің де тәжірибесін зерделеп, оны ұлттық менталитетімізге бейімдеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Осы бағыттағы ұсыныстарды заңнамалық тұрғыда бекіту мүмкіндігін де ойластырудамыз. Арнайы жұмыс тобын құрдық. Бұл бір күндік кездесу емес, алдағы уақытта да мәселені жан-жақты әрі егжей-тегжейлі қарастыратын боламыз. Өйткені бұл – өте ауқымды әрі терең тақырып. Қазақстан халқы Ассамблеясы оны әрі қарай заңнамалық бастама ретінде ұсына алатын маңызды конституциялық институттардың бірі. Инфрақұрылымды жаңғырту, еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасау – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.