Ақтөбеде қармен бірге асфальт та ери бастады
Мердігерлердің міндеттелген жұмысқа атүсті қарайтындығын билік өкілдері де мойындап отыр.
Автокөлік жөндеу станциялары үшін алдағы 3-4 ай жылдың ең табысты кезеңі. Автомеханиктер шұрық-тесік жолда көлігін қиратып келген жүргізушілердің санынан жаңылады. Бірінші кезекте автомобильдің дөңгелегі мен қозғалту бөлшектері істен шығады. Мұндай жайт қызмет көрсету орнын ашқан Асхат Такуевтің де басынан өткен. Жол бойындағы терең шұқырға түсіп, екі бірдей дөңгелегін сындырыпты.
Асхат Такуев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Жол-көлік оқиғасы болған орынға полиция қызметкерлерін шақырып, хаттама толтырдық. Олар көліктің сапасыз жолдың кесірінен істен шыққандығын анықтады. Бірақ іс сотқа дейін жеткен жоқ. Коммуналдық мекеме жағдайды түсініп, барлық шығынды өтеп берді.
Мұндай жағдай Ақтөбеде жыл сайын тұрақты түрде қайталанып келеді. Көктем келе көлік жүргізушілері қыстан аман қалған көшелерді іздеп әлек.
Дүйсен Жайханов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Сәңкібайдың бойы қазір ұзыннан тесік болып жатыр. Сосын мына Тургеневтің арғы жағы, былтыр салған жолдар да құртылды. Биыл қайтадан бәрі ойылып жатыр.
Шенеуніктер жүргізушілерге «шыдай тұрыңдар» дегеннен аспай отыр. Әзірге көшелердегі шұрық-тесікті кесек тастармен бітеуде. Бұл – тығырықтан шығу әдістері. Салынғанына бір жыл өтпестен бұзылатын жолдар аз емес. Мәселен, Кеңес Нокин даңғылы күрделі жөндеуден кейін көп ұзамай ой-шұқырға айналған. Мұндай жағдайда құрылыс жұмыстарын жүргізген компания өз есебінен қайтадан жөнге келтіруі тиіс.
Руслан Төреғали, Ақтөбе ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Жөндеу құрылыс-монтаждың кепілдік мерзімі 3 жыл болғандықтан, яғни барлық 3 жылда салынған жолдарға тағы да тексеріс жүргізіліп, ақаулар анықталған жағдайда бірінші мердігер мекемеге қалпына келтіру туралы хат жолданып, келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге тура келетін болады.
Әзірге қалалық әкімшілік үш компанияға қатысты сотқа арызданып, істі жеңіп шыққан. Күн райы жылыған соң олар өз есебінен жөндеу жұмыстарына кірісуі тиіс. Қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты Андрей Кудеевтің айтуынша, еліміздегі асфальт төсеу стандарттары әбден ескірген. Сондықтан уақыт талабына сай жаңа әдіс қолдану қажет.
Андрей Кудеев, «Қазақстанның аймақтық депутаттар одағы» ҚБ төрағасы:
- 2014 жылдан бері Парламент пен техникалық реттеу комитетіне депутаттық сауал жолдап келемін. Жаңа стандарт қабылдағанша, жолдарды жобалау мен барлық құрылыс жұмысын тоқтату керек. Заманауи талаптар ескерілген жаңа стандарт қабылданғаннан кейін ғана жолдың сапасы түзеледі.
Экс-депутаттың айтуынша, жол салу талаптары кеңестік кезеңнен бері өзгермеген. Ескірген әдіспен асфальт төсеуге Ақтөбеде 2018 жылы 2,5 млрд теңге жұмсалса, былтыр 4 млрд 200 млн теңге қаржы бөлініпті. Биыл да билік өкілдері көшелерді жөнге келтіруге шамамен 5 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков