Спорт мектебі жаттықтырушыларының айлығы қашан өседі?
Олардың жүктемесі азайтылып, жалақылары 25% артқан болатын. Педагогтардың айлығы артуы артты. Бірақ балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қызмет ететін жаттықтырушылардың жалақысы еш өзгеріссіз қалыпты.
Шортандыдағы Балалар және жасөспірімдер спорт мектебі бір емес, бірнеше чемпионды тәрбиелеп шығарған. Сол дәстүрді бүгін де Айдын Орал жалғастырып келеді. Ол мұнда екі жыл бойы балаларға қазақ күресінің қыр-сырын үйретуде.
Айдын Орал, Шортанды кенті Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:
- Қазіргі таңда 60 шақты бала бар. 3 группамен жұмыс істеп жатырмыз. Республика деңгейінде орын алып жүрген балалар да баршылық. Алдағы уақытта одан да биік белестерге жетеміз деген ойдамыз.
Үлкен мекемеде екі жаттықтырушы ғана бар. Қалған спорт түрлерінің мамандары мектепте денешынықтыру сабағын жүргізетін мұғалімдер. Өйткені білім ұяларында төленетін жалақы мұндағыдан әлдеқайда жоғары екен.
Айдын Орал, Шортанды кенті Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:
- Жалақымыз 74 мың теңге. Ауылды жер болғаннан кейін қосылатын ақылары бар, сонымен қолға түсетіні 83 мың теңге. Мұнда бағдарламамен баспана берген. Қазіргі таңда несиеге 2 бөлмелі үй алғанмын, сонда тұрып жатырмын. Отбасым бар. Жалақыдан қалатыны 23 мың теңге қалады. Тамағымыз бар алатын, сонымен ештеңеге жетпейді.
Жүктемесі көп, жалақысы аз. Қазір жаттықтырушылар болашақ чемпиондарды осындай жағдайда тәрбиелеуде. Ал жалақы артпаса, саусақпен санарлық мамандар да бұл жұмыстан кетіп қалады деп қауіптенеді сала мамандары.
Татьяна Березникова, Шортанды кенті Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің есепшісі:
- Жалақы көтерілмейтіндігін естіген кезде, соңғы мамандарымыз кетіп қалады ма деп қауіптендік. Өйткені жаттықтырушы мен дене тәрбиесі пәні мұғалімінің жалақыларының айырмашылығы 50%. Енді олар 70 мың теңгеге қалай күн көре алады? Ал біздің жаттықтырушылар педагог ретінде есептеледі. Оларға қойылатын талаптар да дәл солай. Балаларды оқытады, жаттықтырады.
Спорт мектебі болғанымен қызметтері кәдімгі білім ошағындағы денешынықтыру пәні мұғалімдерінен ерекшеленбейді. Ал жалақылары басқа ұстаздардікіндей неге өспеді? Сауалды Білім және ғылым министрлігіне жолдадық.
Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:
- Бұл сұрақтар талай рет қойылған. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, спорт салаларында да педагогтер бар. Олардың өзіндік жалақы төлеу жүйесі бар. Бұл заң тек білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін мұғалімдер үшін ғана жасалған. Сұрақты Мәдениет және спорт министрлігіне қою керек.
Білім және ғылым министрінің орынбасары айтқандай, сауалды Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға да қойдық. Ведомство басшысы қазір тиісті заң жобасы әзірленіп, Парламенттің қарауына берілетіндігін айтты. Сәйкесінше бұл мамандардың да жалақысы артпақ.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Педагог мәртебесі туралы заңның ішіндегі нормалардың бәрі біздің спорт жаттықтырушыларына да қатысты.
Тиісті заң жобасын биыл сәуір айында Парламентке жолдау жоспарланған. Кейін депутаттардың сүзгісінен өтіп, жаңашылдықтар енгізілмек. Бұл уақытқа дейін балаларды жаттықтырып жүрген мамандарға қолдарына түскен жалақыларына қанағат етуден басқа амал жоқ секілді.
Авторлары: Риат Шони, Сұлтан Қалдыбек