Елжан Біртанов: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар тіркелмеді
Қазір қауіпті кеселден 3 мыңнан аса адам көз жұмды. Емделгендер де бар. Олар 45 мыңнан асады. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Иран азаматтарының Қазақстанға келуін уақытша шектеді. Алматы – Тегеран бағытындағы әуе рейсі де тоқтатылды.
Риат Шони, тілші:
- Бұл кесел жылдам тарап жатыр. Таңертең ғана Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әлемде коронавирус диагнозымен 88 571 адам тіркелгендегін айтты. Ал Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, кешке жақын бұл сан 89 197 адамға дейін жеткен. Қауіпті кесел анықталған елдер әлем картасында 70-ке жақындады. Абырой болғанда бұлардың қатарында Қазақстан жоқ. Бұған Үкімет қолға алған тиісті шаралар да ықпал болуы мүмкін. Себебі 6 қаңтардан бастап елде коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің үш кезеңі іске асырыла бастады.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бүгінгі күні бақылауға 30 мыңнан астам адам алынды. Инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты бақылаудан азаматтардың негізгі бөлігі шығарылды. 6 474 адам әлі де бақылау астында. 6 қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін дене қызуы көтеріліп, жедел респираторлық-вирустық инфекциямен ауырған 186 адам ауруханаға жатқызылды. Олардың 166-сы жазылып шықты. Қалған 20 адам стационарда ем алуда. Коронавирустық инфекция диагнозы расталмады.
Министрдің баяндамасын тыңдап дүрлігіп, бос байбаламға салынуға негіз жоқ дерсің. Оның үстіне Елжан Біртанов басқа мемлекеттік органдармен бірлесе, Қазақстанда коронавирустық инфекция анықталып, таралған кездегі іс-қимыл алгоритмін әзірлегендігін де айтты. Бір сөзбен айтқанда «Б» жоспары бар. Әзірге коронавирустық инфекцияның таралу қаупінің деңгейіне байланысты елдер үш санатқа бөлініп, бақылауға алынған.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап министрлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің 4-сатысын енгізді. Бірінші санаттағы елдер қатарына ҚХР, сонымен қатар Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Гонконг, Тайвань және Макао жатады. Қытай мен Ираннан келген азаматтар міндетті түрде 14 күндік карантинге жатқызылады және ауруханадан шыққаннан кейін қосымша 10 күн ішінде медициналық бақылауда болады.
Қауіпті кеселдің әлемде дендеп бара жатқанына байланысты Иран елінің азаматтарына Қазақстанға келуіне уақытша тыйым салынбақ. Бұған қоса Махан әуе компаниясың Алматы – Тегеран бағытындағы рейстері 1 наурыздан бастап тоқтатылды. Тағы аптасына 9 рет қатынайтын Нұр-Сұлтан – Сеул, Алматы – Сеул бағыттарындағы тұрақты рейстер 3-ке дейін қысқартылды.
Берік Камалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
- Ағымдағы жылдың 5 наурызынан бастап Нұр-Сұлтан – Баку рейсі тоқтатылады. Ал Алматы – Баку рейсін 5-тен 1 рейске, Ақтау – Баку рейсін 7 рейстен 1 рейске дейін шектеп жатырмыз. Нұр-Сұлтан – Токио әуе бағыты 2-ден 1 рейске дейін шектеледі. Аталған рейстердің тоқтатылуына байланысты билеті бар жолаушылар ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап билетті сатып алған орындары бойынша айыппұлсыз және толық көлемде қайтара алады.
Айтпақшы, коронавирустан сақтану мақсатында Маңғыстау облысында бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Ал мемлекеттік органдар мен жеке компанияларға қызметкерлерді шетелдердегі іссапарға жібермеуге кеңес беріліп, жұмыс орындарында залалсыздандыру құрылғыларын көбірек орнату тапсырылды.
Алматыда да 1 наурыздан бастап эпидемияға қарсы шаралар күшейтілді. Мамандар қаладағы барлық медициналық мекеме қауіпті аймақтардан келген адамдарды қабылдауға, оларды үй жағдайында карантинге алуға, денсаулықтарын уақытылы қарап тұруға дайын екенін айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Twitter парақшасында қауіпсіздік шараларына байланысты әйелдер күніне арналған мерекелік шаралардың өтпейтінін хабарлады.