Қарағандыда 7 мыңға жуық тозығы жеткен машина утилизацияланған
Қазір жұмыс қарқын алып, 3 ауысымда, яғни тәулік бойы қызмет етуде. Сәйкесінше 24 сағатта 150-200 көлік жойылады.
ТМД елдері бойынша теңдесі жоқ зауыттың жұмысы күн жылына бастағалы қайта қарқын алған. Мына жүк көліктерімен елдің барлық өңірінен ескі машиналар жеткізіледі. Зауыт қызмет еткен 3 жылда 120 мың ескі техниканың көзі жойылған. «Бұл экологиялық ахуалға тың серпін берді», – дейді мамандар. Ірі зауыт ашылғалы бірқатар шағын кәсіпорын шикізатпен қамтылып, ісін жүргізіп отыр.
Лұқман Мажеев, зауыттың өндіріс жөніндегі директоры:
- Қазір пластмассаларын алып, Алматыға жібереміз. Олар құдықтардың бетіне қақпақ жасайды. Кейін резина өнімдерін Пришахтинск елді мекені алады. Осылайша қайта өңделіп отыр.
Естеріңізге салсақ, зауыттың жылдық қуаты 50 мың көлікті еңсеруге жетеді. «Қазақстан нарығында тозығы жеткен темір тұлпарлар жеткілікті болғандықтан, шикізат тапшылығы алдағы уақытта болмайды», – дейді кәсіпорынның қаржы директоры. Бұл – тұрақты жұмыспен қамтылған 107 адамның жалақысы нарық талабына сай өсіп отырады деген сөз.
Иосифжан Сұранқулов, зауыттың қаржы директоры:
- Көлікті тапсырғандар 150 мың теңгені иеленеді. Ал Қазақстанда шығарылған көлік алатындар 300 мың теңге көлемінде сертификат алады. Тіпті жүрмей тұрған көліктерді де басқаша бағалап, қабылдай береміз.
Аталған зауыт Қарағанды облысының еркін экономикалық аймағында 2017 жылы бой көтерген. Сәйкесінше кәсіпорынның тиімділігі ескеріліп, барлық салықтан босатылған. «Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген зор қолдаудың белгісі», – дейді зауыт өкілдері.
Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков