Байқоңыр қаласының әкімшілігі оқушылар экскурсиясын қаржыландыруға дайын
Осыған орай ғылыми үрдістің ғаламат жемісі саналатын космодромды тиімді пайдалану мақсатында озық технологиялық стартаптар қолға алына бастады. Соның бірі – мектеп туризмі. Байқоңыр қаласының әкімшілігі ғарыш әлеміне қызығатын оқушыларды қабылдауға әзір.
Байқоңырға саяхатшы әкелуге жалпы 28 туроператордың құқығы бар. Оның жетеуі отандық ұйым. Ақпан айында құрылған жергілікті туристік оператор ғарыш айлағына оқушылар үшін саяхат ұйымдастыруды ұсынып отыр.
Жанар Әділбекова, туристік оператор жетекшісі:
- Біздің кішкентай балалар ол жаққа барған емес. Әлеуметтік туризмді қолдап, балаларды Байқоңырға алып келсем деп едім. Буран макетін көру, Королев, Гагарин үйлерін, барлығын көрсе оқушыларда тарихқа деген қызығушылық болуы мүмкін. Байқоңырға келсе, физикаға деген қызығушылығы дамуы мүмкін.
Оқушы түгіл қолында жеке куәлігі бар ересектердің өзіне Байқоңырға кіріп-шығу мұң. «Жұлдызды» қалашыққа келуге ниетті қазақстандықтар 10, ал шетелдіктер 55 күн бұрын өтінім беруі тиіс. Зымыранның көк сеңгірге самғау сәтін тамашалауға рұқсатнама құжаттары бөлек рәсімделеді. Биылға дейін жылына ғарышкермен зымыран тасығыш 4 рет ұшырылса, ағымдағы жылы ол 2 есеге қысқартылып отыр. Ал ғарышкерсіз ұшырылымдардың уақыты көп өзгереді. Бұл ретте космокемелердің ашық орбитаға аттануын көре алмаған меймандарға турпакет қаржысы қайтарылмайды.
Фердоуси Қожабергенов, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:
- Туристердің келу уақыты, алдын ала хабарлау уақыты, қысқарту және бағасына қатысты мәселелер, сондай-ақ туристік маршруттар аясында келгендерге барлық қолайлы жағдай жасаудың мәселелері талқыланды. Түпкі мақсат экономиканың негізгі бөлігіне айналуға тиісті туризм саласын дамыту болып саналады.
Туристік жобаларды көбейтуге Байқоңыр әкімшілігі де мүдделі. Қос бағытты сапарлар әзірленіп, байқоңырлық өрендер де өңірдің тарихи, табиғи ерекшеліктерімен танысса деген ұсыныс бар. Сондай-ақ оқушылар облыс орталығындағы мұз айдыны мен аквапаркке баруға ниет білдірген. Одан бөлек түрлі думанды шаралар мен ән-би кештерінің бел ортасында болып, мейрамды сезінгісі келеді. Өйткені көбінесе байқоңырлықтар Қазақстанның мемлекеттік және халықтық мерекелерінен тыс қалады.
Евгений Гертер, Байқоңыр қалалық әкімшілігі Мәдениет, жастар саясаты, туризм және спорт басқармасының бастығы:
- Біз қалалық бюджеттен арнайы қаражат қарастырып, оқушылар саяхатын қаржыландыруды жоспарлап отырмыз. Қызылорда облысында тартымды, танымды жерлер көп. Сондықтан ішкі туризмді дамытуға арналған бағдарламалар мен ұсыныстарды қарастырып, нақты жүзеге асыруға дайынбыз.
Жуырда құрылған облыстағы жалғыз туроператор 12 сәуір – Ғарышкерлер күні алғашқы оқушылар легін Байқоңырға әкелуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Байділдаев