Азық-түліктердің 80% елімізде өндіріледі
Қазір елімізде картоп, күріш, жұмыртқа, қой еті жеткілікті. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ.
Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді. Сапархан Омаровтың айтуынша, сұраныстағы көкөністер мен жылқы еті, сондай-ақ сүт және сүт өнімдері импорт есебінен толықтырылады.
Құс еті, шұжық, алма және қант сияқты өнімдер импортқа тәуелді. Сондықтан 220 млрд теңгенің өнімі сырттан әкелінбек.
Бұл коронавирус тікемізден тік тұрғызды. Мәжілістегі тәртіп сақшылары таңнан бері тепловизормен тінтуге мәжбүр. Сақтық үшін ғой. БАҚ өкілдерінен бөлек депутаттар мен министр де маскамен жүр.
Маскасын шешкен министр азық-түлік туралы көп айтты. Министрді мұқият тыңдаған депутаттар мен тілшілер тұтқиылдан сұрақ жаудыруға көшті.
Көбінің көкейін кернеген азық-түлік мәселесі. Ведомства басшысы төтесінен қойылған сұрақтардың барлығына жауап беруге тырысты. Қысқасы «дүкен сөрелері қаңырамайды» - деп, сендірді.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Дүкен сөрелері босап қалып жатыр деген әңгіме жоқ. Алдында жалған хабарламалар болып жүрген. Бізде азық-түлік тауарлары жеткілікті. Қазіргі кезде сауда орындарында, олардың қоймаларында, барлық жерде министрлік, әкімдіктер, барлығымыз күнделікті мониторинг жүргізіп отырмыз.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың дені – қазақстандық өнімдер. Сапархан Омаров осылай дейді. Айтуынша, былтыр елімізде 17,4 млн тонна астық өңделді. Қорда тағы 1,3 тонна дақыл бар. 1,1 млн теңге ет өңделген. Өсім мал басының артуына байланысты тіркеліп отыр. Қазір азық-түліктердің 80% елімізде өндіріледі. Бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Доллардың бағасы көтерілуіне байланысты сырттан келіп жатқан кейбір азық-түліктің бағасы көтерілуі керек. Бірақ біз бұл бағаның көтерілмеуіне арнайы шаралар жүргізіп жатырмыз. Негізі біздегі 80% азық-түліктің бәрі өзімізде өндіріледі. Сондықтан оның бағасы көтерілмейді.
Сырттағы тауарды тасымалдауға жылына 1 млрд доллардан астам қаржы жұмсалады. Қомақты қаражатты шетелге шығармау үшін ел кәсіпорындары жұмыс қарқынын күшейту керек. Бұл ретте отандық кәсіпкерлердің азаматтық белсенділігіне салмақ түсетіні белгілі. Біздің тауар өндірушілер қиын-қыстау кезеңде жатпай-тұрмай еңбектенуі керек. Ол үшін мемлекет кәсіпкерлерге қол ұшын созады. Енді импортқа тәуелді болмай, 100% отандық өнімдерді тұтынатын кез келді. Бұл ұсынысты халық қалаулылары да қолдайды.
Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әлеуметтік маңызы бар тауарларды біз шығаруымыз керек. Содан кейін министр Сапархан Омаров өздерінің 20 позициясы бар екенін айтты. Алма, балық деген сияқты. Оларды да өзімізде шығаруға болады, бірақ шетелден көп әкеліп жатыр. Әрбір позицияда қажетті жұмыстар атқаруымыз керек.
Көрші ел қант қызылшасын өндіру ісін қысқартуды көздейді. Тапсырманы шекті межеден асырып орындайды себебі. Ал бізде қант өндірісі ақсап тұр. 20% ғана өзімізде шығарылады. Қалғаны сырттан. Министрдің сөзіне сүйенсек, 2024 жылға қарай ішкі нарық отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтылады. Бұл ретте биыл елде 25 сүт тауарлы ферма, үш ет комбинаты, 8 құс фабрикасы және Жамбыл облысында 1 қант зауыты салынады. Жалпы саны бүгінге дейін 94 жоба жүзеге асырылды.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Серік Қоңырбаев