Павлодарда Ресей облыстарымен қатынайтын автобус рейстері уақытша шектелді
Бұдан былай Омбы, Новосібір, Славгород, Кемерово, Екатеринбург қалаларына жолаушы тасымалдайтын 50 орындық автобустар жүрмейтін болды. Халықаралық рейстердің 82 жүргізушісі жұмыстарын уақытша тоқтатты. Қазір жолаушылар билеттерін тапсырып, қаржыларын қайтарып жатыр. Павлодар автовокзалы мамандарының хабарлауынша, бүгінде жолаушылар легі ішкі бағыттарды есепке алғанда 65-70% азайып қалған.
Евгений Пилипенко, Павлодар автовокзалының директоры:
- Технологиялық үрдіске қатысы жоқ қызметкерлердің жұмыс күні қысқартылады. Олар күндізгі сағат 16:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Кей мамандар уақытша демалысқа барады. Ендігі мақсатымыз – шығынға ұшырамау үшін шұғыл әрекет ету. Жолаушылар тасымалы күрт азайды. Әлеуметтік маңызы бар кәсіпорын болғандықтан, бізге қолдау керек.