Сауда орындарында санитарлық нормалар күшейеді
Мәселен, нан және өзге де азық-түлік тауарлары енді арнайы қапшықта немесе целлофанмен оралып сатылады.
Сондай-ақ маскалар мен санитайзерлер елорда сатушыларына тегін таратыла бастады.
Елде төтенше жағдай енгізілгенімен азық-түлік дүкендері мен базарлар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Тауарлар сөрелерге толық қойылып, санитарлық шаралар да күшейтіліп жатыр. Тіпті сатушыларға дәріханаларда табыла бермейтін маска мен қолдағы микробты залалсыздандыратын сұйықтық тегін таратылап жатыр.
Қайырлы Таукен, Қазақстан Сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті:
- Біріншіден, барлығы маскада. Барлығының қолдарында арнайы қолғап бар. Антисептик те бар. Азық-түлікпен айналысатын дүкендерде тазалық жұмыстары күніне 4 рет жүргізіледі. Бұған дейін біз жұмыс басталған кезде және жұмыс аяқталған кезде жүгізетін едік.
Билік әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермес үшін тиісті шараны қолға алды. Алайда халық та дүрмекке ілесіп кетпеуі тиіс. Себебі дүрбелең тауар құнының аспандап кетуіне әсер етуі әбден мүмкін. Бұл – нарықтың заңы. «Сұраныс артқан жерде баға да шарықтап шыға келеді», – дейді сарапшылар.
Сапарбай Жобаев, экономист:
- Егер адамдар бірден абыр-сабырға түссе, баға қосылады. Бұл – табиғи нәрсе. Түптеп келгенде баға Ұлттық банктің 5-6% шеңберінде қалады деп ойлаймын.
Дегенмен коронавирус кеселінен қорғанып, күнде көшеге шықпау үшін бір отбасыға жеткілікті азық-түлік алып қойған жөн. Бірақ бұл қап-қабымен сауда жасау деген сөз емес. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір қоймаларда азық-түліктің 1,2 млн тонна қоры бар. Бұл шамамен жарты жылға жетуі тиіс. Сондықтан ешқандай тапшылық болмауы керек.
Авторы: Зайнұр Байжігіт