Ұстаздардың мектепке бармауына болады
Бүгін ел бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда бөбектердің 40% ғана болған. «Реті келсе, бүлдіршіндерді балабақшаларға апармау керек». Білім және ғылым министрі ата-аналарға осындай кеңес берді. Ал оқушылар сәуірдің 5-іне дейін демалыста болады. Сол кезге дейін мұғалімдер мектепке бармай-ақ, оқушылармен кей дайындық жұмыстарын үйде отырып жүргізе алады. Жалақылары толық төленеді. Ұстаздарды мектепке шақырмау бойынша директорларға тиісті хат жіберілген. Ал жағдай жақсармаса, 5-інші сәуірден кейін де оқушылар қашықтықтан оқытыла береді. Қазір контент жетілдіріліп жатыр. Студенттер де үйлерінде отырып білім алады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Барлық коллежд бен ЖОО 16 наурыздан бастап қашықтан оқыту технологиялары негізінде білім алуға көшуде. Бізде 7900 коллежд бар. Бәрі 100% біз керек деген бағдарламаны иеленіп отыр деп айта алмаймыз, бірақ басым көпшілігінде бұл бағдарлама бар. Біз тиісті мониторинг жүргізіп жатырмыз. Мұғалімдер де контент енгізіп, қазір жаңа жүйеге бейімделіп жатыр.