Мәжіліс карантинге байланысты жұмысын жаңа форматқа көшірді
«Бұл тәртіп заң шығару жұмысының сапасы мен қарқынына кері әсерін тигізбейді», – деді палата төрағасы Нұрлан Нығматулин. Мәжілістің жалпы отырысы тек онлайн режимде өтті. Жайшылықта абыр-сабыр болып жататын Парламент дәліздерінде де адам көп болмады. Залда да шектеу бары бірден байқалады. Үкімет мүшелері мен мемлекеттік орган және үкіметтік емес ұйым өкілдеріне арналған орындар бос тұрды. Отырысқа депутаттар мен заң жобасын баяндайтындар ғана қатысты. Заң жобаларына қатысы бар тараптар үшін интернет технологиялары арқылы қашықтан жұмыс істеу әдісі енгізілмек. Жалпы отырыстар мен комитет жиындары Мәжіліс сайты арқылы онлайн режимде көрсетіледі. Парламенттік тыңдаулар мен үкіметтік сағаттар кейінге шегерілді. Депутаттар мен аппарат қызметкерлерінің іссапарларына тыйым салынады. Мәжіліс аппараты қызметкерлерінің 70% қашықтықтан жұмыс істейді. Қалғандары қысқартылған жұмыс уақыты бойынша қызмет атқарады.