Алматы мен елордаға кіріп-шығу 22 наурызда тоқтатылады
Демек, көлік қозғалысы 18 200-ге азайған. Қалада вирус жұқтырғандардың саны 19 адамға жетті. Қазір індет ошақтары оқшауланып, вирус тарап кетпеуі үшін тиісті шаралар жасалуда.
Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 19 адамға жетті. Науқас 12 наурызда Краснодар – Мәскеу – Алматы рейсімен ұшып келген. Ешқандай санатқа кірмейтіндіктен, ресейлік азамат карантинге алынбаған. Алайда ол бұған дейін инфекция жұқтырған адаммен байланыста болған екен. 17 наурызда карантинге жатқызылған оның сараптама қорытындысынан ауру белгісі анықталған. Қазір коронавируспен ауруханаға түскендердің барлығы тиісті ем алып жатыр.
Тілеухан Әбілдаев, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының жетекшісі:
- Бір адамда өкпенің созылмалы обструктивті ауруының болуына байланысты орта-ауырлы дәрежеде. Ал қалғандары қанағаттанарлық жағдайда. 4 провизорлық госпитальда карантинде 608 азамат, үй карантинінде 730 адам бар. Карантиндегі барлық адамның дене қызуы қалыпты дәрежеде, катаралдық құбылыстар жоқ.
Ал өткен түні қаладағы «Сұңқар» тұрғын үй кешенінің тұрғындары 15 күнге карантинге алынды. Себебі тұрғындардың бірінен коронавирус инфекциясы анықталған. Науқас аураханаға жатқызылып, онымен байланыста болғандар оқшауланды. Індет ошағында қалған азаматтардың жұмыс орны сақталып, уақытша емделу демалысына жіберіледі. Карантин жарияланғалы бері қаланың кіреберістеріндегі блокбекеттер де тиісті талаптарға сай жұмыс істеуде. Тәртіп күшейтілген. Дегенмен бекеттерде қалаға кіргісі келетін азаматтардың легі күні бойы азайған жоқ. Блокбекеттерден адамдарды өткізу тек 22 наурызға дейін жалғасады.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
- 22 наурыздан кейін жалпы Алматыға келіп те, кетіп те үлгермеген азаматтарға жол жоқ. Бұл шаралардың барлығын 22-сіне дейін бітіру керек. 72 сағатты қосымша сол үшін де берді.
Елбасы Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жалғызбасты қарттарға, мүгедектер мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек көрсету үшін 150 млн теңге бағытталды. Ал алматылықтардың қайырымдылық есебіне ҚР Тұңғыш Президентінің қорынан 100 млн теңге түсті. Бұл қаражат қауіпке қарамастан, індетпен күресіп жүрген азаматтарға сыйақы ретінде беріледі.
Рахман Алшанов, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы:
- Елбасының қорынан 100 млн теңге келіп түсті. Негізгі мақсат – коронавирусқа, карантинге байланысты көмек көрсету. Бірнішіден, сыйлық ретінде карантинде күресіп жатқан дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, тағы басқа адамдарға осы жалақыны беру, екіншіден, зейнеткерлерге, қажеттілерге, тағы басқа категорияларға азық-түлік беру.
Ауру тарап кетпеуі үшін қалада залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Аялдамалар мен отырғыштар, вокзал маңы мен балалар алаңқайлары мұқият тазалануда.
Сондай-ақ Алматыда сенім телефондары іске қосылды. Осы номерлер арқылы тұрғындар азық-түлік өнімдерінің, дәрі-дәрмектердің, медициналық маскалардың қымбаттауына шағымдана алады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов, Мұхит Құдықбаев